Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Еуропалық депутаттар асығыс шешім қабылдап отыр – Игорь Рогов

2022 жылдың 22 қаңтар 2022 00:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов Еуропалық Парламенттің Қазақстан жөніндегі қарарына өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынымды айтсам, депутаттар әлі заңды бағасын алмаған оқиғаларға саяси баға беріп, асығыстық танытты. Құқық қорғау органдарының пікірі жоқ, бірде-бір сот шешімі шықпағанын да айтпай-ақ қояйын. Қазірдің өзінде қандай да бір гипотетикалық формаларда сипаттама беріліп жатыр. Бірқатар құқықтық ұғымдар нақтылау мен жетілдіруді қажет ететінімен келісемін. Олар «терроризм» терминін кеңінен қолданды деп айыптап отыр. Мен де бұған назар аудардым. Шынында да, заңды тұрғыдан алғанда бұл ұғыммен әлі жұмыс істеу керек шығар. Біз терроризмге нені жатқызуға болатыны жөнінде халықаралық, еуропалық стандарттарды білгіміз келеді. Әрине, белгілі бір құжаттар түрі бар екенін түсінемін. Бірақ, АҚШ-ты ұлы демократиялық ел деп еш сарказмсыз, мысқылсыз айта аламын. Онда адамдар Конгресс ғимаратын қарусыз басып алғанда, ішкі террористер деген атау берілді. Оларда еш қару болған жоқ. Сондықтан бұл терминге еш қарсылық танытпаймын. Дәл осы жағдайымызда еуропалық депутаттар қару қолданып қана қоймай, құқық қорғау органдарының 19 қызметкерін өлтіріп, басын кесіп алғандарды террорист деп атамайтыны таңқаларлық», - деп түсіндірді Игорь Рогов.

Спикердің пікірінше, біздің құқығымызда жеткілікті түрде пысықталмаған бірқатар ұғым бар.

«Айтайын дегенім, біздің Конституция азаматтарға бейбіт демонстрацияларға, қарусыз пикеттерге шығуға құқық береді. Бұл оқиғалардың барлығы бейбіт наразылықтардан басталғанымен де келісемін. Алғашқы оқиғаларға дұрыс баға берілді, олардың көптеген талаптары әділ болды, әйтпесе ол талаптар қанағаттандырылмас еді. Бейбіт шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласқан кезде, жақында көшедегі жастарға көліктен арматура таратылғаны туралы видео жарияланды. Жаңа құқықтық мемлекеттің негізін салу үшін арматуралар таратылатынына сену қиын. Бұл қару ма, әлде немене? Бейбіт наразылық па әлде қарулы ма?»,- дейді спикер.

Игорь Рогов олардың алаңдаушылығын түсінетінін, бірақ Еуропарламент депутаттары асығыстық танытқанын айтты.

«Егер сіз елді немесе өздеріңізге жүгінетін адамдарды құрметтесеңіз, ресми бағалауды күтіңіз, нақты бір актілер болуы керек. Ал қазір ештеңе жоқ. Олар Президентті бейбіт наразылық білдірушілерге оқ жаудыруға бұйрық берді деп айыптап отыр. Бұл үндеуді бәріміз оқыдық және естідік. Мұнда террористер туралы айтылған болатын. Құқық қорғау органдары мен күш құрылымдарының қару қолдана алатын жағдайлары тікелей жазылған заңнамалық актілер мен заң бар. Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде биылғы алғашқы отырыстардың бірін адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау мәселелеріне арнайтын шығармын. Онда адам құқықтарын қорғау, бейбіт демонстрациялар, шерулер құқығы және оның ең қымбат қазынасы адам, оның өмірі, құқық қорғау саласындағы құқықтары мен бостандықтарын сақтау болып табылатын демократиялық құқықтық әлеуметтік мемлекет ұғымымен байланысты екені айтылады. Еуропалық депутаттар тәртіп сақшыларының өмірі басқаша деп санай ма? Конституцияда әр адамның өзін, жақындарын қорғауға құқығы бар делінген. Қажетті қорғаныс ұғымы қылмыстық кодексте де жазылған», - деп түсіндірді Игорь Рогов.

«Мені таң қалдыратыны – бірнеше мың шақырым жердегі еуропалық депутаттар үзілді-кесілді баға берді және тіпті санкция қолданудың аз-ақ алдында тұр. Мен Еуропа Кеңесінің өкілдерімен сөйлестім. Онда олардың біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін бейбіт шерулерді түсінудегі еуропалық стандарттар бойынша вебинарлар өткізуге уағдаластық. Түрлі елдердің заңгерлерінен бостандық пен митингтер туралы еуропалық түсініктерді талқылау туралы ұсыныстар түсті.

Президенттің құқық қорғау органдарының бұл оқиғаларға дайын еместігін айтқаны өте дұрыс. Ол ұйымдастырушылық пен жабдықталуын және жалпы дайындық мәселесін айтты. Менің ойымша, біздің құқық қорғау жүйесі «адам құқықтары» сөзін заңдық және теориялық тұрғыдан түсінуге дайын емес боп шықты. Заңгер ретінде осы олқылықтың орнын толтырып, еуропалық әріптестеріміздің пікірін білуіміз керек деп санаймын», - деді Игорь Рогов.


Жоғары қарай