Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Еуропадан әкелінген картоптан қауіпті бактерия табылды

2021 жылдың 30 қазан 2021 12:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Картоптың «Зебра Чип» карантиндік объектісінің таралуы егіннің жоғалуына және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті сәуір-мамыр айларында карантиндік фитосанитариялық бақылауды жүзеге асыру барысында Германиядан, Нидерландыдан және Франциядан 228 тонна тұқымдық картопты, сондай-ақ Франциядан 46,4 килограмм сәбіз тұқымын әкелу кезінде картоптың «Зебра Чип» (Candidatus Liberibacter Solanacearum) карантинді объектісін анықтады.

Candidatus Liberibacter Solanacearum бактериясының бары ISO 17025 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес аккредиттелген «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Алматы аймақтық зертханасының зертханалық сараптамасының қорытындысымен расталған.

Зерттеулер адам факторының контаминацияға және жалған оң нәтижелердің көрінуіне әсер ету мүмкіндігін болдырмайтын сертификатталған тест-жиынтықтарды қолдана отырып, ПТР талдауға арналған жоғары сезімтал детекциялау жабдығымен жүргізілді.

Бұл карантиндік объект Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы үшін картоп, қызанақ, сондай-ақ сәбіз және балдыркөк сияқты алқа тұқымдас дақылдарға жоғары фитосанитариялық қауіп төндіреді.

Candidatus Liberibacter Solanacearum республика аумағында енуі және одан әрі таралуы егіннің жоғалуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Барлық фактілер бойынша тиісті карантиндік құжаттар ресімделді.

Candidatus Liberibacter Solanacearum карантинді объектісінің анықталуына байланысты материалдар ӘҚБтК 400-бабы 2-тармағының 1 тармақшасына және 684-бабы 1-тармағына сәйкес, барлық фактілер бойынша материалдар соттың қарауына берілді.

Олардың нәтижесі бойынша әкімшілік айыппұл салу және залалданған өнімді тәркілеу туралы сот қаулысы шығарылды.

Тұқымдық картоп - фитосанитариялық қаупі жоғары өнім және тұқымдық материалда карантиндік организмдердің болуы картоп өндірумен айналысатын шаруашылықтарға қауіп төндіреді.

Бұл кейіннен қазақстандық картоптың экспорттық әлеуетіне, сондай-ақ республиканың ішкі нарығына теріс әсер етуі мүмкін.

2021 жылғы қаңтарда комитет карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде Әзербайжаннан әкелінген өнімнен 17 және түрікменстандық өнімнен 19 жағдайда қызанақ және бұрыш жемістерінде «Tomato brown rugose fruit virus» (ToBRFV) қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусын анықтады.

Осыған байланысты Әзербайжан мен Түркіменстан аумағынан қызанақ жемістерін әкелуге шектеу түрінде уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар енгізілді.

Сондай-ақ, пепино мозаика вирусын, қызанақтың дақты солу вирусын және қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусын уақтылы анықтау мақсатында 1 531,3 га алаңда қызанақ, бұрыш және баялды өсіруді жүзеге асыратын 235 шаруашылықта толық ауқымды тексерулер ұйымдастырылды.

Зертханалық зерттеулер халықаралық диагностикалық хаттамаларды қолдана отырып, дәлдігі жоғары ПТР жабдықтарында жүргізілді.

Зерттеу нәтижелері бойынша және зертханалық қорытындыларға сәйкес, пепино мозаика вирусының таралуының жаңа ошақтары табылған жоқ.

ҚР Өсімдіктер карантині туралы заңына сәйкес, өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырудың мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.

Осыған байланысты Комитет Қазақстан Республикасының аумағында жоғарыда көрсетілген аурулардың таралуының алдын алуы бойынша барлық қажетті фитосанитариялық шараларды қабылдауда.


Жоғары қарай