Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Еуропа лигасы: Жартылай финалға шыққан барлық команда анықталды

2020 жылдың 12 тамыз 2020 07:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Еуропа лигасы жартылай финалына шыққан барлық команда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ширек финалда жолы түйіскен «Шахтер Донецк» (Украина) мен «Базель» (Швейцария) жұбында алғашқы команданың тәжірибесі мол екендігі белгілі. Сондықтан жанкүйерлер олардың жарысты жалғастыру мүмкіндігі жоғары екеніне болжам жасады.

Расында, украиналық клуб футболшылары басым ойнады. Кездесудің 2-минутында «Шахтер Донецк» клубының бразилиялық шабуылшысы Жуниор Мораес есеп ашты. Ал 22-минутта оның командалас әріптесі Тайсон есепті үстемелей түсті. Одан кейін 75-минутта Алан Патрик, пенальтиден, 88-минутта Додо гол соғып, қорытынды есепті белгіледі. «Шахтер Донецк» қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Тағы бір кездесу «Севилья» (Испания) мен «Вулвергемптон Уондерерс» (Англия) командалары арасында өтті. Ойынның 13-минутында ағылшын клубы есеп ашатын мүмкіндігі болған. Олардың қатарынан Рауль Хименес пенальти тебуден мүлт кетті. Ойынның 88-минутында «Севилья» ойыншысы Лукас Окампос соққан жалғыз гол кездесу тағдырын шешті. Осылайша қарсыласын 1:0 есебімен жеңген «Севилья» жартылай финалға шықты.

Естеріңізге сала кетелік, 10 тамызда «Манчестер Юнайтед» (Англия) мен «Интер» (Италия) командалары жартылай финалға жолдама алған болатын.

Жартылай финалда «Интер» мен «Шахтер Донецк», «Манчестер Юнайтед» пен «Севилья» командалары шеберлік байқасады. Жеңімпаз бір ғана ойын нәтижесімен анықталады.

Енді жартылай финал ойындары 16, 17 тамыз күндері Германияның Дюссельдорф, Кёльн қалаларында өткізіледі. Ал финал 21 тамызда Кёльн қаласындағы «Рейн Энерги» стадионында болады.

Автор Әділжан Үмбет
Басты сөздер: Спорт,
Жоғары қарай