Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Еуразиялық үкіметаралық кеңес: Алматыдағы келіссөздер қалай өтті

2020 жылдың 31 қаңтар 2020 22:15

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті. Оның барысында сауда ынтымақтастығы, кедергілерді жою, ұлттық ақпараттық жүйелер интеграциясы және басқа да бірқатар салаларда маңызды шешімдер қабылданды. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министр Асқар Мамин бастап барды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Отырысқа сонымен қатар Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас, Молдова Премьер-Министрі Ион Кику, Қырғызстан Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абулгазиев, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Әдеттегідей, Үкіметаралық кеңес отырысы шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шағын құрамда ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды. Интеграциялық бірлестікті нығайтуды дамыту үшін аса маңызды мәселелердің кең ауқымы қаралды. Атап айтқанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Одақтың ішкі нарығының жұмысы аясында кедергілерді жою бойынша жұмыс барысы қаралды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ аясында алкоголь нарығын реттеу туралы Келісім жобасына қатысты жұмыс барысы туралы баяндама тыңдалды.

Кеңейтілген форматтағы отырыс Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық көлік дәліздері экожүйесін қалыптастыру мәселелеріне арналды. Отырысқа қатысушылар Еуразиялық үкіметаралық одақтың кейбір шешімдерін талқылады.

Барлығы ЕАЭО мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытуға бағытталған 14 мәселе қаралды.

Кеңес отырысын ашқан ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин 2019 жылдың ЕАЭО дамуы үшін маңызды әрі жемісті жыл болғанын атап өтті.

« Біріншіден, біз интеграциялық бірлестіктің бесжылдық мерейтойын атап өттік, алдағы бесжылдық кезеңге интеграциялық процестерді дамытудың жаңа көкжиектері үшін негіз салдық, бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. ЕАЭО ағымдағы және бұдан арғы дамуы бойынша өзара тиімді уағдаластықтарға қол жеткізілді. Кеме қатынасы туралы Келісімге қол қойылды, ортақ электр энергетикалық нарықты құрудың құқықтық негізі жасалды, ортақ қаржы нарығын құру Тұжырымдамасы бекітілді «, — деді А. Мамин.

Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румас 2020 жылы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО органдарында төрағалықты қабылдаған тараптың өкілі ретінде Еуразиялық интеграцияның одан әрі жүйелі дамуы үшін барлық күш-жігерін салуға ниетті.

« Ең алдымен, біздің назарымыз кедергілерді жоюға, ЕАЭО нарықтарындағы шектеулерді алып тастауға, сондай-ақ тосқауылдардың жаңа түрлерінің пайда болу мүмкіндігінің алдын алуға аударылатын болады «, — деді Сергей Румас.

Бұл мақсатқа қол жеткізу құралдарының бірі — бірінші кезекте техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларын қолдану, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру, субсидиялар ұсыну тәрізді салаларда ЕЭК-ның ұлттық органдардан жоғарғы құзыреттерін күшейту.

Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян Беларусь айқындаған интеграцияның басымдықты бағыттарына қолдау білдірді. Ол ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыруға бөгет болатын қалған кедергілерді жоюдың маңыздылығын атап айтты, тарифтерде бағаны белгілеу және табиғи монополиялар қызметтеріне қолжетімділік саласында кемсітілмейтін тәсілдерді қамтамасыз етумен ЕАЭО нарығында энергетикалық және көлік нарығын қалыптастыруға бағытталған күш-жігерді белсендіру қажеттігін нақтылады.

« Одақ органдарының жұмысының тиімділігін раттыру және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту – біздің басты назарымызда болуы тиіс тағы бір бағыт. Армения Республикасы әдетте ЕАЭО цифрлық күн тәртібін құру және іске асыру процестеріне белсене қатысады және оларды қолдайды. Цифрлық көлік дәліздері экожүйесін қалыптастыру тауарлар мен қызметтерді тұтынушылар мен өндірушінің және сатушының арасындағы дистанцияларды азайтуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Бұл тауарларды жеткізу уақытын және оның қозғалысының оңтайлы жолдары мен әдістерін іздеуге жұмсалатын уақытты біршама азайтады, осылайша, бұл тұрғыда нарықты едәуір жетілдіреді «, — деді Армения Премьер-Министрі.

Қырғызстан Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абулгазиев өз кезегінде қырғыз тарапының Одақ аясындағы теңдік, сенім мен өзара ынтымақтастық негізіндегі іс-қимылдарына баса мән беретінін атап айтты.

«ЕАЭО экономикалық дамуының ортақ мақсаттары мен міндеттерін айқындау негізінде ұлттық мүдделерді ескеру, оған мүше мемлекеттердің экономикалық өсуінің қосымша көздерін қалыптастыру принциптері жатуы тиіс. Қырғыз Республикасы Одақты одан әрі дамыту мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге және интеграциялық процестерді жетілдіруге ұмтылатын болады «, — деді М. Абулгазиев.

РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин Ресейдің еуразиялық интеграцияның динамикасын оның қызметінің барлық негізгі бағыттары бойынша оң бағалап отырғанын жеткізді. Сонымен қоса, ұлттық органнан жоғары тұрғыда реттеу тиімдірек болып келеді.

« Алдымызға мынадай мақсат қойдық – «бестік» елдерінің экономикасының өсімін қамтамасыз ету, сонда Одақта өмір сүретін адамдар ортақ кеңістіктің артықшылықтарын сезініп, тең мүмкіндіктерді пайдалана алады «, — деді Ресей Үкіметінің басшысы.

2019 жылдың алғашқы үш тоқсанында Одақтың жиынтық ЖІӨ 1,4%-ға артты, ауыл шаруашылығында өнеркәсіп өсімі 2,7% құрады.

Кеңейтілген форматтағы талқылау соңында үкіметтер басшылары ЕАЭО мүше елдердің интеграциясын жалғастыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды. Барлығы 10 құжатқа қол қойылды.

РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының төрағасы Тигран Саркисянға ЕАЭО дамыту мен нығайтудағы зор үлесі үшін бірінші дәрежелі Столыпин медалін табыстады.

« ЕЭК Алқасының төрағасы лауазымында сіз әріптестеріңізбен бірге оның қалыптасуының, Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасуының ең күрделі кезеңдерінен өттіңіздер. Сізге осы ауқымды жұмысыңыз үшін алғыс айтқым келеді және осы сәтте пайдалана отырып, бұған дейін айтып кеткенімдей, сізді жуырда атап өткен мерейтойыңызбен құттықтағым келеді. Сізге денсаулық, зор табыс тілеймін. Мұндағы қатысушылардың барлығы бұл тілегіме қосылатынына сенімдімін «, — деді М. Мишустин.

Беларусь Республикасының Премьер-Министрі С. Румас пен Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Тигран Саркисян баспасөз конференциясында келіссөздердің негізгі нәтижелері туралы хабарлады.

ЕАҮК келесі отырысы 2020 жылы 9-10 сәуірде Минск қаласында өтеді.


Жоғары қарай