Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ерлан Қарин: Пандемия Қазақстандағы реформаларға тосқауыл болған жоқ

2021 жылдың 20 мамыр 2021 17:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан коронавирус пандемиясымен бірге келген ауыр сынақты еңсере білді. Президент көмекшісі, Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің төрағасы Ерлан Қарин Қазан қаласындағы «Валдай» халықаралық пікірталас клубы аясындағы кездесуде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикер коронавируспен күреске қарамастан, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан саяси реформалардың бірінші пакеті толық іске асырылғанын атады.

«Атап айтқанда, саяси реформаның бірінші пакеті аясында митингілер туралы мүлдем жаңа заң әзірленіп, қабылданды. Реформалар, сондай-ақ, сайлау, партиялар, Парламент туралы заңнамаға және саяси партиялар құру үшін тіркеу кедергісін 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендетуді, сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін 30% квотаны енгізуді, парламенттік оппозиция институтын енгізуді қамтитын басқа да бағыттарға қатысты болды. Бұдан басқа, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңына қол қойылды», - деді Президент көмекшісі.

Сонымен қатар, Ерлан Қарин саяси жүйені реформалау бағытындағы екінші және үшінші пакеттердің қолға алынғанын еске салды. Нәтижесінде 2021 жылдың екінші жартысында елімізде ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарланып отыр.

«2020 жылы мемлекеттік жоспарлау және басқару жүйесінде маңызды өзгерістер болды. Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылды. Оның қарамағына Статистика комитеті кірді. Сондай-ақ, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу жүзеге асырылды», - деді саясаткер.

Ерлан Қариннің айтуынша, пандемиямен байланысты жағдай белгілі бір бағыттарда реформалар жүргізу процесін жеделдеткен. Мәселен, өткен жылдың мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтіп, ол білім беру және денсаулық сақтауды дамыту мәселелеріне арналды.

«Коронавирус пандемиясы көптеген жағдайда аймақ елдерінің басшыларын өзара іс-қимылдың қашықтық форматына көшуге мәжбүр еткеніне қарамастан, бұл ынтымақтастықтың тұрақтылығы мен сапасына әсер еткен жоқ. ЕАЭО, ШЫҰ және басқа да бірлестіктер алаңдарындағы өзара іс-қимыл, оның ішінде коронавирусқа қарсы күрес шараларын үйлестіру күшейтілді. Осындай шаралардың ішінде тауарларды импорттау үшін «жасыл дәліз» құруды, дәрілік және дезинфекциялау құралдарын, медициналық препараттарды және өзге де заттарды өндіру үшін жекелеген компоненттер мен материалдарды ЕАЭО аумағына әкелудің бажсыз режимін енгізілгенін атап өткен жөн», - деп қосты спикер.

Президент көмекшісі шектеу шараларының жеңілдетілуіне қарай елдер арасындағы әуе қатынасы жедел қалпына келтірілгенін де сөз етті. Тиімді өзара іс-қимыл Қазақстан мен Ресейге вакцинаны жеткізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізуге мүмкіндік бергені, 1 ақпаннан бастап Қазақстанда халықты коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасымен вакцинациялау басталғаны айтылды. Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында ресейлік вакцина өндірісі жолға қойылған.

«Қазіргі таңда ел азаматтары қазақстандық QazVac, ресейлік «Спутник V» вакциналарын немесе қытайлық технология бойынша өндірілген Hayat-Vax араб вакцинасын алу мүмкіндігі бар. Пандемияға қарсы шаралардан басқа бағыттарда біраз жұмыс атқарылды. Мәселен, 2020 жылдың соңында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары бекітілді. Олар алдағы 5 жылда бірлескен өзара іс-қимылға бағдар болады», - деп түйіндеді Ерлан Қарин.

Фото: valdaiclub.com
Жоғары қарай