Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ерлан Қарин: Өлім жазасын алып тастау - қылмыс заңнамасын ізгілендіруге бағытталған шара

2020 жылдың 24 қыркүйек 2020 14:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Қазақстанда өлім жазасының ресми түрде алынып тасталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық кеңес аясында көтерілген тағы бір бастама іске асты. Қазақстан өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды. Аталмыш құжат өлім жазасын алып тастауды көздейді. Қазіргі уақытта Қазақстанда өлім жазасын орындауға мораторий жарияланған. Бұл құжатқа қосылу қажеттігін қазақстандық құқық қорғаушылар мен сарапшылар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің әртүрлі алаңында көтерген еді», - деп жазады Президенттің көмекшісі Telegram парақшасында.

Нақтырақ айтқанда, бұл бастаманы Мемлекет басшысының алдында өткен жылдың күзінде белгілі заңгер Жеміс Тұрмағамбетова көтерген.

«Осының нәтижесінде Ұлттық кеңестің 2019 жылдың желтоқсан айындағы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР СІМ-ге Екінші факультативтік хаттамаға қосылу процедурасын бастауды тапсырды. Бұл бастама саяси реформалардың алғашқы пакетіне енгізілді. Бүгін Біріккен Ұлттар ұйымының БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды. Бұл қадам - қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге бағытталған шара», - дейді Ерлан Қарин.

Еске сала кетсек, 23 қыркүйекте БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамаға қол қойған болатын.



Жоғары қарай