Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Ерлан Қарин Маңғыстау облысында ҰҚШҰ әскері орналасқан деген ақпаратты жоққа шығарды

2022 жылдың 10 қаңтар 2022 08:24

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Маңғыстау облысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) әскері орналасқан деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы 4-8 қаңтар аралығында Маңғыстау облысында болдым. Онда ахуалды тұрақтандыру жөніндегі өңірлік штабтың жұмысын үйлестіруге атсалыстым. Аймақтағы ахуал қазір тұрақты. Мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық қызметтердің барлығы қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр. Құқық қорғау органдары жағдайды толық бақылауда ұстап тұр», - деді Мемлекеттік хатшы Фейсбуктегі парақшасында.

Одан бөлек Ерлан Қарин Маңғыстау облысында тәртіпті тек Ұлттық ұланның сарбаздары қадағалап тұрғанын айтты.

«Қоғам белсенділерінің арқасында билік пен наразылық білдірген азаматтардың арасында конструктивті диалог орнықты. Осы өңірде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) әскері орналасқан деген қауесет шындыққа жанаспайды. Облыстағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге өз еліміздің қарулы күштерінің және Ұлттық ұланның бөлімшелері ғана жұмылдырылған», - деді ол.


Автор Ербол Жанат
Басты сөздер: Маңғыстау облысы, ҰҚШҰ,
Жоғары қарай