Ерік Сұлтанов: Президент тапсырмалары еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Ерік Сұлтанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыруға берген тапсырмаларына қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдерін толығымен қолдаймын. Бұл қадамдар еліміздің, халқымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан Президенттің шешімі аясында 180 күнге жанар-жағармай, газдың бағасын реттеу де дұрыс қадам», - деді сенатор.
Еске сала кетейік, биыл 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді.
Осы орайда мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізу ескерілді.
Өз кезегінде Үкімет әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін жедел іс-шараларды қабылдады.
ҚР Премьер-Министрі ресми сайтының мәліметінше, Қазақстан аумағында АЖС-да автокөліктерге арналған сұйытылған мұнай газының бөлшек саудасына 180 күнге шекті бағалар белгіленді.
Сонымен қатар, бензиннің қосымша құн салығын есепке ала отырып бөлшек саудасына келесідей шекті бағалар белгіленді:
АИ-80 маркалы – литріне 89 теңге;
АИ-92 маркалы – литріне 182 теңге;
АИ-93 маркалы – литріне 182 теңге;
АИ-95 маркалы – литріне 215 теңге.