Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ералы Тоғжанов пен БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады

2021 жылдың 14 қазан 2021 21:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі және БҰҰ ДБ-ның Еуропа мен ТМД бойынша өңірлік бюросының директоры Мирьяна Спольярич Эггермен кездесті.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен БҰҰ ДБ ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов әлеуметтік бағыттың, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салалары бойынша өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.




Пандемия кезінде жүргізіліп жатқан бірлескен жұмысқа ерекше назар аударылды. БҰҰ қолдауының арқасында замануи медициналық құрылғылармен жабдықталған B санатындағы 5 жедел жәрдем машинасы сатып алынды. COVID-19 вирусының таралу қаупіне шұғыл ден қою жобасы шеңберінде Қазақстан тарапына 190 мың медициналық жиынтық (жеке дәрі қобдишалары) берілді.

Спольярич Эггер ханым Қазақстан Үкіметімен дамудың кең спектріндегі, соның ішінде БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар бойынша өзара тығыз іс-қимылды атап өтті. Ол Әлеуметтік кодекс жобасын әзірлеу, Қазақстанның цифрлық трансформация, табиғатты қорғау қызметін басқару саласындағы күш-жігері, жасыл экономикаға көшуге ұмтылысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарын жоғары бағалады.




Тараптар ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің маңыздылығын және БҰҰ ДБ-мен ұлттық және жергілікті деңгейлерде ел дамуының басым бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру ниетін атап өтті.

Эггер ханымның айтуынша, БҰҰ ДБ Қазақстандағы негізгі трансформациялық үдерістерді қолдауды жалғастырады. Іс-шараға шетелдік тараптан Я. Бериш – Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі, В. Времиш – Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары қатысты.


Жоғары қарай