Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ералы Тоғжанов құрылатын жаңа жұмыс орындары туралы айтты

2021 жылдың 28 қазан 2021 18:34

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада өткен «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» атты республикалық форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов алдағы уақытта құрылатын жаңа жұмыс орындары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет еңбек адамының беделін арттырып, табысын көтеруге бағытталған кешенді нақты жұмыстарды іске асырып жатыр. Біріншіден, әлеуметтік саясатта қарапайым еңбек адамының табысын арттыруға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, биыл еңбекақы теңсіздігін болдырмауға бағытталған жұмыстар аясында елімізде 900-ге жуық кәсіпорында 600 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы орта есеппен 25 пайызға артты. Азаматтық қызметшілер жалақысы орта есеппен 19-дан 45 пайызға дейін көтерілді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының шешімімен келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері артатын болады. Нәтижесінде, 1,7 млн жұмыскердің табысы өседі», - деді Е. Тоғжанов.

Оның айтуынша, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Нәтижесінде, жыл басынан бері 1 млн-нан астам адам жұмыспен қамту іс-шараларына тартылып отыр.

«Жұмыссыздықтың деңгейін айналамыздағы жағдайға, пандемияға қарамастан, 4,9 пайыз деңгейінде сақтап қалуға мүмкін болды. Нақты қабылданған шаралардың арқасында осы деңгейде қалыптасты. Сонымен қатар, 12 қазанда Үкімет отырысында бекітілген ұлттық жобалар аясында 2025 жылға дейін 1,7 млн жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына» атты республикалық форум өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шара барысында еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.


Жоғары қарай