Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 9 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Ералы Тоғжанов карантинді сақтамаудың салдарына қатысты нақты мысалдар келтірді

2020 жылдың 30 шілде 2020 18:25

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов карантин ережелерін сақтамаудың салдарына қатысты нақты мысалдарды келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы карантин шараларының сақталмауының салдары туралы нақты мысалдарды келтіре кетейін. Қостанай облысында жаназаға барған бір адам сегіз туысына коронавирус жұқтырған. Сол секілді Нұр-Сұлтаннан коронавирусқа ұқсас белгілерімен Көкшетауға келген жігіт 15 адамға ауру жұқтырған. Өкінішке қарай, осы жағдайда оның әкесі мен шешесі қайтыс болып кетті. Қарағанды облысында шағын тойға қатысқан 18 адамның 16-на коронавирус жұқтырған. Сонымен бірге дәл сол қалада 200 адам жиналған түнгі клубтың жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Бәрі де маскасыз, әлеуметтік қашықтықты сақтамай жүрген. Шынын айтқанда, мұндай мысалдар Қазақстан бойынша жетіп артылады», - деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елдегі індетті біржолата тоқтату үшін кісі жиылады-ау деген кез келген шараға бармау керек.

«Тіпті біреудің қайғысын бөлісуге барғыңыз келсе де менің ойымша қазір міндетті түрде бармай, телефон арқылы сөйлесіп, көңіл айту керек. Бүгінде халқымыз олай да көңіл айтып жатыр. Жағдайды түсініп, қауіпсіздікті сақтап отырған азаматтардың бәріне рахмет айтамын. Уақыт талабы осындай. Жақсы кезеңде бас қосылады. Егер әрбір қазақстандық бұл індетке қарсы күш салмаса – мемлекет те, қоғам өкілдері де, дәрігерлер де құтқара алмайды», - деді ол.

Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын екі аптаға ұзартуды тапсырған болатын. Мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысы бойынша Қазақстанда карантин шаралары екі аптаға ұзартылды.


Жоғары қарай