Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» атты дастан жарыққа шықты

2020 жылдың 27 қараша 2020 02:16

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жыры» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияда жыр жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркі халықтарына ортақ мұра «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының басты кейіпкері ер Едіге батырдың өмірі мен ерлік жолын насихаттау мақсатында Ақтөбеде ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Оған Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов қатысып, бірнеше ғалым лебізін онлайн жолдады.

«Едіге батыр – тарихи тұлға. Осы орайда бүгін орта ғасырдағы айбынды мемлекетіміз Алтын Орданың 750 жылдығына тұспа-тұс келіп отырған шараның да орны ерекше. Алтын Орданың 750 жылдығы дегеніміздің өзі тарихты тану, батыр бабаларымызды ұлықтау және басқосудағы басты мақсатымыз Едіге батырды тұлғаландыру, тарихи орынын зерделеу»,- деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Аймақ басшысы алдағы уақытта да Едіге батыр мен оның ұрпақтарына қатысты қолға алған тың жобалар мен зерттеулердің бәрі табысты жүзеге аса беретіндігін жеткізді.

Айта кетейік, өткен жылы «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосының басты кейіпкері «Ер Едіге – Ноғайлы дәуірінің жырлары» атты музыкалық альбомын дайындау үшін 40-там астам жыршы-жыраудың орындауында дыбыстық жазбаға түсіру жұмысы басталды. Істің басы-қасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов жетекшілік еткен белгілі өлкетанушылар, этнографтар, музыка зерттеушілері жүрді. Әр өңір жыршы-жырауларының орындауындағы атақты Мұрын жырау Сеңгірбайұлы жырлаған «Қырымның қырық батыры», халық ақыны Нұрпейіс Байғанин жырлаған «Қарасай-Қази», Нұртуған Кенжеғұлұлы жырлаған «Мәулімнияз», «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» секілді дастандары жинаққа енді. Дастан биыл 500 данамен жарыққа шықты. Музыкалық дастан екі бөліктен тұрады. Ұлттық нақышпен безендірілген бірінші кітапта «Қырымның қырық батыры» және «Едіге батыр» туралы тарихи мәлімет, жырды бізге жеткізген жыраулар, еліміздің әр өңірінен сол мұраларды жырлаған жыршы-жыраулардың өмірбаяны қазақ, орыс және ағылшын тілінде берілсе, келесі кітапшаның ішінде жыр жазылған 10 диск орналасқан. Музыкалық альбом кітапханаларға таратылып, жыр қадірін білетін қалың көрермен үшін теңдесі жоқ дүние болмақ. Сондай-ақ әрі қарай шаралар легі «Едіге деген ер екен...» атты жыршылардың жыр кешіне ұласты.


Жоғары қарай