Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ЕО мен Қазақстан  ынтымағының көкжиегі көпқырлы – Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакал

2021 жылдың 16 тамыз 2021 23:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жуықта ғана Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы арнайы өкілі қызметіне кіріскен Терхи Хакала Қазақстанға жоспарланып отырған сарапының алдында ҚазАқпарат тілшісіне екіжақты ынтымақтың әлеуеті туралы пікірімен бөлісті.

- Құрметті Т.Хакала ханым, сізбен Қазақстанға алғашқы сапарыңыз қарсаңында әңгімелесіп отырмыз. Қазақстан тарабымен қандай мәселелерді талқылауды жоспарлап жатқаныңызды айта аласыз ба?

- Бұл менің Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі ретіндегі Қазақстанға жасағалы отырған алғашқы сапарым. Мен бұл лауазымға осы жылдың 1 шілдесінде тағайындалдым және аймақпен тағы бір мәрте тығыз жұмыс істеуге құлшынып отырмын. Маған Орталық Азия елдері 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бергі оқиғалардың дамуын бақылаудың сәті түсті. Биыл Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлап жатыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттік және ұлттық құрылыста, әлеуметтік-экономикалық дамуда, мәдени-тарихи байланыстарды жандандыруда, өзара ынтымақта көп жетістіктер еңсерілді. Қазақстанға жасайтын сапарымда еліңіздің басшылығымен кездесіп, Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның екіжақты әріптестігін, өңірдің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауды жоспарлап отырмын. Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы Еуроодақ көптеген өңірлік тақырыптар бойынша біздің өзара іс-қимылымызды айқындайтын маңызды құжат – «ЕО-Орталық Азия стратегиясын» қабылдады. Қазақстан өңірлік ынтымақтастықта маңызды рөл атқарады және мұнда болып жатқан оқиғалар осыған маңызды мән береді. Қазақстан мен Еуроодақтың кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімі 2020 жылғы наурызда күшіне енді. Бұл – өзара қызығушылық тудыратын көптеген мәселелерді қамтитын жан-жақты құжат. Жалпы, бұл сапардың күн тәртібі барынша тақырыпқа бай әрі көпқырлы болатын түрі бар.

- Түркіменстанда Орталық Азиядағы бес елдің көшбасшыларының консультативтік кездесуі өтті . Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияны тұрақты, экономикалық дамыған және өркендеген өңірге айналдыруға бағытталған экономика, сауда және мәдениет саласында бірқатар бастамалар көтерді. Қазақстан көшбасшысы, сондай-ақ, өңірді су ресурстарымен қамтамасыз етудің маңызды мәселе екенін атады. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

- Шынында да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қызықты және маңызды бастаманы алға тартты. Су мәселесін сөзсіз өңірлік деңгейде шешу қажет. Бұл сондай-ақ «Team Europe EU-Central Asia» аясындағы басты басымдықтардың бірі болып есептеледі. Яғни, еуроинституттар, ЕО-ға мүше мемлекеттер осы проблеманы шешу үшін Орталық Азиядағы серіктестерімен күш біріктіруге құлықты. Су мәселесі арқылы біз су тасқыны, құрғақшылық және су тапшылығы, су сапасының нашарлауы және басқа да төтенше климаттық құбылыстарды сезініп отырмыз. Бұл адам денсаулығы мен қоршаған ортаға үлкен әсер етеді. Климаттық дағдарыс су дағдарысын туындатып отыр. Сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жолдары дағдарысты шешудің маңызды бөлігі болып табылады. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобы 9 тамызда жариялаған баяндама бойынша, бәріміз климаттың өзгеруіне қарсы күресіп жатқанымызбен, проблема одан да жылдам қарқынмен ушығып келеді. Климаттың өзгеруі бүгінгі күннің жаһандық проблемасына айналып отыр және біз оны барлық деңгейдегі жан-жақты ынтымақтастық негізінде ғана шеше аламыз. Сондықтан бұл көптен бері шешімін күтіп тұрған мәселе деуге болады.

- Ауғанстандағы ішкі ахуал қатты құбылып тұр. Еуропалық Одақтың Ауғанстандағы қазіргі жағдай туралы ұстанымы қандай?

- Ауғанстандағы жағдай бізді қатты алаңдатады. Біз, сондай-ақ, ондағы оқиғалардың өңірге тигізетін салдары, Орталық Азиядағы әріптестеріміздің қазіргі ахуал туралы пікірі біз үшін өте құнды деп санаймыз. Біз ортақ мәселелердің ортақ шешімдерін бірге іздеуді жалғастырамыз.

- Пікіріңіз үшін рахмет!


Жоғары қарай