Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Еңбек министрлігі мамырдағы зейнетақының маусымдағыдан неліктен көп болғанын түсіндірді

2020 жылдың 11 маусым 2020 11:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың мамыр айында алған зейнетақысы маусымдағыдан неліктен көп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мұның себебі – төлемдерді қосымша 5%-ға индекстегеннен кейін сәуірде толық алынбаған қосымша төлемдер. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 30 наурыздағы тапсырмасы бойынша зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларды жылдық мәнде 10%-ға қосымша индекстеу жүргізілді. Осылайша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылған базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 5%-ға, ал жасына байланысты зейнетақы 7%-ға артқан кезде, 1 сәуірден бастап барлық төлемдер қосымша тағы 5%-ға өсті», делінген хабарламада.

Сәуірдегі өсім қосымша құжаттарды талап етпестен автоматтандырылған режимде жүзеге асырылды. Ал мамырда азаматтар өсімді ескере отырып төлемдер алды.

«Азаматтардың сәуір айында алмаған зейнетақының жаңа және ескі мөлшері арасындағы айырмашылық мамыр айында кезекті зейнетақы төлемімен бірге төленді. Мысалы, егер 2020 жылғы қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері (жасына байланысты зейнетақы + базалық зейнетақы) 90 400 теңгені құраса, ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемдерінің жаңа мөлшері 94 920 теңгені (90 400 теңге + 5% арттыру) құрайды. Бұл ретте төлем мамыр айында 99 440 теңгені (94 920 теңге + сәуір айына қосымша 4520 теңге) құрады. Маусым айында зейнетақы тиісінше 94 920 теңгені құрады», делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап ең төменгі зейнетақы төлемі 58 082 теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 17 641 теңге болып белгіленген.


Жоғары қарай