Ауа райы
Астана 3 °С
Алматы 15 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Еңбек» бағдарламасы: СҚО-да көпбалалы әке жаңа бизнес ашты

2020 жылдың 13 қыркүйек 2020 14:07

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Саумалкөл ауылының тұрғыны Иван Воликов «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өз ісін кеңейтіп, енді аяқ киім тігуді қолға алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Айыртау ауданы Саумалкөл елдімекенінің тұрғыны Иван Воликов бұған дейін аяқ киім жөндеумен айналысқан. Алайда, бұл – маусымдық жұмыс, тек күз және қыс уақытында ғана тұрақты табыс бар.

«Әйелім екеуміздің 6 баламыз бар, отбасын барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін тұрақты табыс қажет. Сол себепті аяқ киім жөндеумен қатар кілт жасау идеясы пайда болды. Маған көпбалалы әке ретінде бизнесті дамытуға грант алуға болатыны айтылды», – дейді ауыл тұрғыны.

Иван Воликов Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 505 мың теңге грант алып, оған жаңа жабдықтар сатып алды.

«Бұл ақша маған жақсы көмек болды, өз идеямды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Қаражатқа мен кілттер жасайтын екі станок, сондай-ақ аяқ-киім бланкілерін тігуге арналған бағаналы тігін машинасын сатып алдым. Өз ісімді әрі қарай дамытқым келеді, сондықтан қазір аяқ-киім тігуді үйреніп жатырмын», – деп кәсіпкер өзінің болашақ жоспарларымен бөлісті.

Бағдарлама арқылы қазақстандықтар жаңа бизнес-идеяларды дамытуға 200 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар және 8 мың АЕК-ке дейін жеңілдікті шарттармен микрокредиттер ала алады.Биылғы 8 ай ішінде СҚО-да 1,7 мыңнан астам адам бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алды.

«Тұрақты жұмыс орындарына 6 259 адам жұмысқа орналастырылды. Уақытша жұмыс орындарына 5 023 адам, оның ішінде 465-і әлеуметтік жұмыс орындарына, оқу орындары түлектерінің 639-ы жастар практикасына және 3 919-ы қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 1 764 грант пен микрокредит берілді», – дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов.

Жалпы республика бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 379 мың адам қатысып, түрлі қолдау алды. Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша бос жұмыс орындарына 130 мың адам жұмысқа орналасты, мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 156 мың адам жұмысқа орналастырылды. 5 800 жеңілдікті кредит және 17 200 қайтарымсыз грант берілді, 34,5 мың азамат кәсіпкерлік негіздеріне қысқа мерзімді оқытудан өтеді.


Жоғары қарай