Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Елжан Біртанов Бас санитардың коронавирус туралы болжамына түсінік берді

2020 жылдың 10 наурыз 2020 20:49

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясының келуі туралы болжамдарға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті достар! Әлем бойынша коронавирус инфекциясы 115 елге таралды. Олардың арасында бізге көршілес мемлекеттер және тікелей әуе қатынастарын орнатқан елдер де бар. Сонымен бірге, бәріміз сыртқы әлемнен толық оқшауланудың мүмкін еместігін түсінеміз. Еліміздің аумағына инфекцияның енуі ықтимал екенін де жоққа шығармаймыз», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Алайда, ҚР Үкіметі коронавирус инфекциясын елге кіргізбеу мен таратпау үшін айрықша шаралар қабылдауда.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда аурудың расталған бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ! ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж.М.Бекшиннің коронавирус инфекциясының келуі туралы болжамы – біздің ғалымдардың статистикалық модельдеу арқылы жасаған болжамы ғана.

Бастапқы деректер ретінде әлемнің түрлі елдерінде жолаушылар тасымалы мен коронавирус инфекциясының таралу көлемі алынды. Түрлі сыртқы факторларды ескере отырып, деректердің үнемі өзгеріп отыратындығын атап өткен жөн. Мәселен, беделді Ланцет журналында коронавирустың Қытайдан әлемдік мегаполистерге таралуы туралы ұқсас болжам жасалды», - дейді Е. Біртанов.

Сонымен бірге, министр біздің ғалымдар ұсынған сценарийдің іске аспауы да мүмкін екенін ескертті.

«Тағы да мәлімдеймін, Қазақстанда бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфекция расталған жоқ», - деді Елжан Біртанов.

Бұған дейін ҚР бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин наурыз айының 11-16 аралығында Қазақстанда коронавирус тіркелуі мүмкін екенін айтты.


Жоғары қарай