Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елорданың маңындағы ауылдарда жаңа әлеуметтік нысандар ашылды

2021 жылдың 18 қазан 2021 21:53

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Аршалы ауданында Жібек жолы ауылында балабақша және Бұлақсай ауылында футбол спорт алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, «Дана» жаңа балабақшасы 46 орынға шақталған. Екі қабатты, аумағы 220 шаршы метр нысан «Жол картасы - 2021» әлеуметтік даму бағдарламасы шеңберінде салынған. Ғимаратта 1,5 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың дені сау болып дамуы үшін барлық жағдай жасалған.

«Мен әрқашан баламның мектепке дейінгі білім алуын, оның жан-жақты дамуы үшін жағдай жасалатын әдемі, жылы, жарық ғимаратта болғанын қалайтынмын. Бізге бұл жерде барлығы ұнайды. Аудан басшылығы мен меценаттарға осындай сыйы үшін алғысым шексіз», - дейді ауыл тұрғыны Динара Темірғалиева.




Бұлақсай ауылында ашылған футбол спорт алаңы негізгі орта мектеп аумағында орналасқан. Нысан «Бұлақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражаты есебінен салынған. Серіктестік құрылтайшысы Әлібек Тоқбаевтың айтуынша, ауылдық округте бұқаралық спорт белсенді дамып келеді, енді жастар мен балаларға арналған демалыс орын ашылып отыр.

«Біз ауа-райы жағдайында ең оңтайлы шешім жасанды алаң салу қажет деп шештік. Мұндай жабынды алаңда жыл мезгіліне қарамай ойнай беруге болады. Ондағы шөпті кесу және шабу қажет емес, құрғатпайды, қатты жаңбырдан кейін нашарламайды. Футбол алаңының көлемі - шағын футбол үшін қысқартылған. Футбол алаңының айналасына ені 1,5 метр қиыршық тас төселген. Болашақта жарық шамдарын орнату жоспарлануда», - деді Әлібек Тоқбаев.

Айта кетсек, Аршалы ауданында Тәуелсіздіктің мерейтойлық жылында Қостомар және Волгодоновка ауылдарында мектепке дейінгі мекемелер ашылды.





Жоғары қарай