Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елорданың қоғамдық көліктеріне кондукторлар қайтадан шығарылмайды

2022 жылдың 16 мамыр 2022 12:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың қоғамдық көліктеріне кондукторлар қайтадан шығарылмайды. Бұл жайында City Transportation Systems (CTS) компаниясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта кондукторларды қайта шығару мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Өйткені, оны өткен ғасырдың еншісіндегі дүние деп санаймыз. Автобустарда кондуктор қызмет көрсеткен кезде өте көп сын болған еді», - деді компанияның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, жолақысын төлеудің электронды жүйесі болмаған және кондукторлар жұмыс істеген кезде қала бойынша орташа есеппен 350 мың сапар жасалатын.

«Электронды жүйеге көшіп, кондукторларды алып тастағаннан кейін бұл цифр бірден 750 мың сапарға дейін жетті. Яғни, 400 мың сапар қосылды. Кондукторларды қайтару өте қауіпті процедура. Себебі қайтадан көлегейлі нарыққа кетіп қаламыз. Оған жол беруге болмайды», - деді ол.

Компания өкілі бұрынғы кондукторларды жұмысқа орналастыру да оң шешімін тапқанын айтады.

«Кейбір кондуктор автобус паркінің бақылау-желілік қызметіне жұмысқа орналасса, кейбірі бізде, СТС компаниясының көліктік бақылау департаментінде істейді. Олардың қызметі – жолақысының төленгенін тексеру, автобустардың техникалық жай-күйін қадағалау, жүргізушілердің қауіпсіздік белбеуін тағуын, телефонмен сөйлеспеуін бақылау», - деді Науат Азанбаева.

Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов елорда автобустарына кондукторларды қайтадан шығару мәселесін көтерген болатын.

Айта кетейік, елордада жолаушылар жол ақысын екі жолмен төлей алады – бұл көлік картасымен және QR-кодты сканерлеу арқылы. Ол үшін әртүрлі қосымшалар бар (Transcard, Kaspi.kz, Homebank, ұялы байланыс операторларының қосымшалары және тағы басқа). Жол жүру құны 7 жыл бойы 90 теңге деңгейінде сақталған.



Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Қоғам, Көлік,
Жоғары қарай