Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордалық шебер ерекше қуыршақтар жасайды

2021 жылдың 24 қаңтар 2021 20:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда тұрғыны Татьяна Привалованың негізгі мамандығы экономист. Ал бүгінде қуыршақ жасау оның ішінде будуар қуыршағын жасау оның сүйікті ісіне айналып отыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ерекше қуыршақ жасайтын қолөнер шеберімен сұхбаттасқан болатын.

«Қуыршақ жасау менің хоббиім десем болады. Интернеттен қуыршақты қалай жасау керек туралы видео көріп, содан қызығушылық басталды. Айналысып келе жатқаныма 1 жылдан енді асты. Елордада қуыршақтар көрмесін өткізуді танысым ұсынды, мен негізінен халықаралық көрмелерге қатысамын. Себебі Қазақстанда қуыршақ жасау, оның ішінде будуар қуыршағын жасау ісі соншалықты дамымаған және сұранысқа да ие емес. Бір қуыршақты жасауға 1 аптадан 1 айға дейін уақыт кетеді. Оның барлығы шабытқа байланысты, кейде шабыт келгенде идеямды жүзеге асыруға асығып, күн-түн демей отырып қуыршақ жасаумен айналысамын. Яғни әр кезде әр қалай», - дейді Т. Привалова.





Қолөнер шебері 1 жылдың ішінде 30 шақты будуар қуыршағын жасап шығарған.

«Қуыршақ жасау менің негізгі кәсібім емес, бұл сүйікті ісім. Негізгі мамандығым экономист, қазір бала күтіміне байланысты демалыстамын. Айналысқаныма көп уақыт болмаса да маған қуыршақ жасауға тапсырыс берушілер және оны сатып алғысы келетіндер бар. Әзірге сүйікті ісімді бизнеске айналдыру ойымда жоқ, маған қуыршақ жасаған ұнайды. Тағы бір ерекше айтып кететін сәт, будуар қуыршағы ойнауға арналмаған. Бізде қуыршақ десе ойымызға бірден ойын қуыршағы келеді. Будуар қуыршағының өзіндік тарихы бар. Ол бойжеткен және әйелдерге арналған қуыршақ. Оның тарихы ХІХ ғасырда Франциядан бастау алады», - дейді ол.

Сондай-ақ, астаналық шебер жуырда Қазақстанның атынан Ресейде өтетін халықаралық қуыршақтар көрмесіне қатысатынын айтты.

«Будуар қуыршағын жасауға пластмасса, мата, ағаш және басқа да заттар қажет. Қуыршақ жасау шеберлікпен қатар табандылықты талап етеді. Яғни әр қуыршақты жасау арқылы тәжірибеңді жетілдіріп отырасың. Мен өз біліктілігімді жетілдіру мақсатында алдағы ақпан айында Мәскеуде өтетін халықаралық қуыршақтар көрмесіне қатысқалы отырмын. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен қуыршақ жасаушы қолөнершілер келіп, өзара тәжірибе алмасатын болады. Бұл көрмеге өткен жылы да қатысқанмын, биыл да Қазақстанның атынан барғалы отырмын», - деді шебер.





Астаналық коллекционер жұмыстарының арасында қазақ ханы мен ұлттық киім киген қазақ қызының да қуыршағы бар.

«Мен «Қазақ хандығы« фильмін көрдім. Сондағы ханның рөлін сомдаған әртіс маған ерекше әсер етті. Яғни әртіс ретінде де және ел басқарушы хан ретінде де. Содан хан қуыршағын жасау идеясы келді. Ең қызығы бұған дейін мен ер адамды бейнелеп, қуыршақ жасаған емеспін және ол қуыршақты 40 минуттың ішінде жасап шығардым. Бүгінде хан қуыршағына қызығушылар көп, бірақ мен сатпаймын деп шештім», - дейді шебер.





Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Өнер, Мәдениет, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай