Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елордалық күйші Көбейтұздың жағасында «Көрұғлы» күйін бебеулетті

2020 жылдың 15 шілде 2020 15:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде бойжеткеннің қызғылт түсті Көбейтұздың жағасында «Көрұғлы» күйін шертіп отырған видеосы тарап, күйші көптің құрмет-қошеметіне бөленуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көпшіліктің сұрауы бойынша – «Көрұғлы» күйі. Күй аңыз негізінде құралған. «Көр» қазақ тілінде «мазар» дегенді білдіреді. Яғни, Көрұғлы «мазардың баласы» мағынасын береді. Аяғы ауыр әйел қайтыс болып, сол күйінде жерленеді. Алайда құрсағындағы нәресте дүниеге келіп, ана сүтімен сағат сайын өсіп, ержүрек батыр болады», - деп жазды instagram парақшасында видеоны бөліскен елордалық күйші Мақпал Қапсамат.

Дәулеткерейдің әйгілі күйінің бірегей табиғат аясында орындалғанына көпшілік тамсанып, күйші бойжеткенге алғысын жолдауда.

Еске сала кетсек осы айдың басында еліміздің Ұлттық домбыра күні өткен болатын. Жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісіне дөп келетін, ұлттық аспабымызды ұлықтауға арналған бұл мереке ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылдан бері елімізде кеңінен аталып өтеді.

Жалпы Ерейментау ауданындағы Көбейтұз көліне баратын туристер көбейіп келеді. Елдегі шектеу шараларына байланысты халық шетелге демалысқа бара алмай, еліміздің бірегей орындарын аралауда. Туристердің тартымды орындарының бір – осы Көбейтұз көлі болып отыр.



Жоғары қарай