Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордадағы Жекпе-жек сарайына Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді

2020 жылдың 2 желтоқсан 2020 12:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Жекпе-жек сарайына даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров есімі берілді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен әрі қолдауымен Елордамыздағы Жекпе-жек сарайы ресми түрде даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың есімімен аталатын болды. Бұл шешім былай қабылданған еді... Осыдан бірнеше жыл бұрын осы Жекпе-жек орталығының іргетасы қаланып жатқанда Жақсылық ағамыз үлкен ұлы Жандоспен бірге құрылыс басталғалы жатқан жердің жанынан өтіп бара жатады. Енді ғана қазығы қағылып жатқан жерге қарап: «Осы қазаққа, қазақтың спортына, қазақтың күресіне бір кісідей-ақ еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Әсіресе, Одақтың даңқы дәуірлеп, біздің ұлттың өкілдерінің бәйге алмақ түгіл, өзгемен тең тұруының өзі мұң болып тұрған шақта Олимпиаданың жүлдесін жұлып алдым. Онымды бүгінгі қазаққа міндет қылмаймын, әрине. Ол кезде жастықтың буымен білінбеген де екен. Қазір ойлаймын, әлі күнге өзімнің ізімді басатын жігіттердің шықпағанына қарағанда, сол 80-дегі Олимпиада маған да оңайға соқпаған екен-ау деп. Енді бір арманым бар, шіркін осы Жекпе-жек орталығының құрылысы бітіп, менің атымды берсе ғой, арман жоқ еді-ау» деген екен. Жандос: «Ой әке-ай, бұл қай уақытта салынып бітеді дейсіз? Оған дейін кім бар, кім жоқ? Қандай шешім қабылданады? Білмейміз ғой...» деп қоя салады», - деп жазды Берік Уәли.

Оның атап өтуінше, Жақсылық ағамыз бақилық болып кеткеннен кейін жоғарыдағы әңгіме Мемлекет басшысына жетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірден қолдайды. Тиісті орындарға тапсырма береді.




«Сөйтіп, күні кеше ғана Үкіметтің ресми қаулысы шықты. Жекпе-жек сарайы ресми түрде Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың атымен аталатын болды. Балуан ағамыздың аруағы разы болсын! «Ер есімі, ел есінде» деген осы!», - деді Президенттің баспасөз хатшысы.

Естеріңізге сала кетсек, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайына Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімін берді көздеген Үкімет қаулысының жобасы осы жылдың қыркүйек айында «Ашық үкімет» порталында қоғам талқылауына ұсынылған болатын.

Сонымен қатар даңқты палуан дүниеге келген Жамбыл облысында да «Тараз-Арена» спорт кешеніне оның есімін беру ұсынылған. Жамбыл облысы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен ұсынысы өңір мәслихатының кезектен тыс отырысында мақұлданған. Ұсыныс Республикалық ономастика комиссияның қарауына жолданған.

Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, «Барыс», «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Үшкемпiров Жақсылық Әмiрәлiұлы 1951 жылы 6 мамырда Қазақ КСР, Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Чапаев кеңшарында дүниеге келген. Биылғы 2 тамызда мезгілсіз өмірден өтті.


Автор Марлан Жиембай
Басты сөздер: Спорт, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай