Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елордада ұрланған автокөліктердің 20%-ы шетелден әкелінген

2022 жылдың 27 қаңтар 2022 15:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Криминалдық полиция өкілі елімізде шетелден әкелінген көлікті тіркеудің маңыздылығын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер шетелден әкелінген автокөлік ұрланған немесе қылмыстық іске қатысы болса ол айыппұл тұрағына жіберіледі. Содан соң тәулік ішінде әкелген елге автокөліктің табылғаны туралы хабарлама жіберіледі. Бізге сырттан көлік көбінесе Ресейден келеді. Мысалы, көлік Ресейде ұрланып, Қазақстаннан табылды делік. ТМД елдеріне ортақ заңға сәйкес Ресей жағы 1 жылдың ішінде ұрланған көлікке қатысты сотқа жүгіне алады. Жергілікті соттың шешіміне сәйкес ұрланған көлік не Ресейге жіберіледі не болмаса елде қалдырылады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім басшысы Диас Қадіров департаментте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, шетелден заңды әкелінген автокөлікті Қазақстанда тіркеп, қолдануға рұқсат.

«Бұған дейін айтқанымдай, өткен жылы елордада 113 көлік ұрланды. Оның 20 пайызы шетелден әкелінген. Жағдай әртүрлі. Айтар болсақ, адам көлікті сатып алады, кейін оны біреу ұрлап кетеді. Белгілі бір уақыттан соң ұрланған көлік табылады. Табылған көліктің тарихын зерттей келе, оның шетелден ұрланып әкелгені анықталады. Көрдіңіз ба? Мәселе қайда жатыр. Яғни автокөлік сатып алған адам оның ұрланған, яғни іздеуде екенін білмейді. Ондай жағдайда көлік иесі екенін дәлелдеу қиынға соғады. Кейбір жеңіл көліктер Ресейде есептен шығарылғанымен, Қазақстанда тіркелмеген болып шығады. Сондықтан көлікті заңға сәйкес тіркеп, қолданған жөн», - дейді ол.

Бұған дейін полиция департаменті өкілі астаналық ұрылардың кейпін суреттеп берді.

Сондай-ақ, брифингте елордада ұрлық көбіне қай жерде жасалатыны туралы айтылды.

Одан бөлек, Қазақстанда ұрлық жасау қылмысы бойынша жазаның қатаңдатылғаны белгілі болды.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Көлік, Қоғам,
Жоғары қарай