Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада тұратын төрт жасар «Мессидің» көз сүйсінтер финттері мен жаттығулары

2021 жылдың 30 мамыр 2021 15:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада кәсіби футболшылар істейтін жаттығуларды айна-қатесіз қайталайтын дарынды балақай тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

4 жасар Имран бұл күнде өзі тұратын үйдің ауласында «жұлдыз» атанып үлгерген. Оның допты шебер алып жүретініне, әлден түрлі финттер жасап, өзімен жасты балаларды оңай алдап өтетініне көршілері сүйсіне қарайтын болған.

Имранды әкесі өзі жаттықтырып жүр. Баласы аяғын тәй-тәй басқаннан допқа құмарлығын танытқан. Ал оның футболға бейімділігі үш жарым жасында айқын көріне бастапты. Содан бері Ислам Орымбаев баласын күніне үш уақыт өзі жаттықтырып келеді.

«Балам 2017 жылы 22 мамырда туған. Жақында ғана төртке толды. Бұдан кішкене кезінде жұмысқа кеткенде бөлмесіне доп қалдырып кететінмін. Сол кезде ол басқа ойыншықпен ойнап отырса да, арасында бір допты теуіп кетпесе көңілі көншімейтін. Ал үш жарым жастан бастап футболға ерекше ықылас таныта бастады. Таңертең тұра сала, бетін де жумастан маған футбол ойнайық дейтін. Осылай мен оны өзім жаттықтыра бастадым», - дейді Ислам Орымбаев.

Имранның анасы Гузал Парманкулова жолдасы Исламның да футболға құмар болғанын, өзінің де спортты сүйетін жан екенін айтады. Алайда отбасылық жұп екеуі де шаштараз болып жұмыс істейді. Өздерінің бойындағы спортқа деген бейімділік пен махаббат балаларының бойынан көрініс тапқан көрінеді.

«Имран кішкене күнінен «Пеле. Аңыздың тууы» атты фильмді жақсы көрді. Әсіресе, Пеленің бала кезі бейнеленген тұсын қайталап қойып беруді сұрайтын. Қойып бергенімізде бала Пеленің допқа құмарлығы, футболға деген махаббатына ерекше сүйсініп қарайтын», - дейді жас таланттың анасы.

Гузалдың айтуынша, олар Instagram әлеуметтік желісінен парақша ашып, Имранның жаттығуларының видеосын сала бастаған. Осы парақшаны жүргізе бастағалы шет елдерден балаға қызығушылық танытқандар болыпты.




«Көбі бізді шетелде тұрады деп ойлапты. Бір жолы Канададан жазды. Баланың жаттығуын көргісі келді. Бірақ біздің Қазақстанда тұратынымызды естіген соң, айнып қалды. Оларға сол елде тұрғанымыз керек болған сыңайлы. Ал басқа әлеуметтік желі қолданушылары Имранның кішкене Месси екенін айтып, тілектестік білдіріп жатады», - дейді Гузал Парманкулова.





Биыл ақпан айынан бастап Ислам Орымбаев ұлы кәсіби түрде жаттығуы үшін баласын Dream team футбол мектебіне беріпті. Бүгінде Имран кәсіби бапкерлерден сабақ алып жүр. Ал бапкер Кравченко Сергей баланың 4 жаста меңгеріп алған жаттығуларын кейбір он жасар балалар қайталай алмайтынын айтып, жас дарынға «кішкентай Месси» деп баға берген.





Автор Ербол Жанат
Басты сөздер: Қоғам, Нұр-Сұлтан, Спорт,
Жоғары қарай