Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада төтенше жағдайда зардап шеккендерді уақытша орналастыру бекеттері ашылды

2021 жылдың 24 қараша 2021 16:07

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада түрлі төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен адамдарға жедел жәрдем көрсету мақсатында арнайы бекеттер ашылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Рәтбек Демеуберген мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада қыстыгүні төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер үшін 13 уақытша орналастыру бекеті ашылып, онда 1800 төсек-орын дайындалды. Кейде төтенше жағдай кезінде адамға шұғыл көмек көрсету керек болады. Ал жәдел жәрдем келіп, зардап шегушіні ауруханаға жеткізем дегенше уақыт жоғалтып алады. Осы орайда қала аумағы мен маңайында арнайы жедел бекет қызметін іске қосып отырмыз», - деді Рәтбек Демеуберген елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, адамдар қыстыгүні жиі тап болатын төтенше жағдай түріне ауа райы қолайсыздығынан жолда қалу және жұқа мұз үстінде шығу жатады.

«Жыл сайын жұқа мұз кезеңінде әсіресе күз бен қыстың арасында оқыс оқиғалар жиі болып жатады. Ересек адамдар толық қатпаған мұз айдындарына көбінесе балық аулауға барса, ал балалар қызық қуып, сырғанау үшін барады. Сондықтан да ата-аналар балаға сақ болуы қажет. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға шығып кететін адамдардың да қатары аз емес. Өз кезегімізде күн райы нашарлаған кезде көрші Ақмола, Павлодар, Карағанды, Қостанай және СҚО-ның төтенше жағдайлар департаментімен тұрғындарды уақтылы хабардар етіп, қауіптің алдын алу шарасын бірлесіп атқарамыз», - дейді ол.

Одан бөлек, басқарма басшысы халық арасында қауіпсіздік шарасын түсіндіру жұмысының жүргізілгенін айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай елордада қар басып қалатын аумақтардың ахуалдық картасы әзірленді.


Автор Әли Ибраев
Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Қоғам, Медицина,
Жоғары қарай