Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елордада сорғы-сүзгі стансасы жұмысын бастайды

2022 жылдың 20 сәуір 2022 12:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінде елордада үшінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы жүріп жатыр, бұл нысан жыл соңына қарай жұмысын бастайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл санап қаланың өсу динамикасын ескере отырып, алдымен жылу, электр, су беру қуатын арттыру қажет. Тұрғындардың өмір сүру жайлылығы, қаланың дамуы, инвестиция тарту аталған факторлармен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселелерді шешу үшін бірқатар стратегиялық нысандардың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мысалы, суға қатысты мәселелерді шешу үшін өткен жылы сорғы-сүзгі стансасының (ССС-3) құрылысына кірістік. Нысан осы жылдың соңына қарай ішінара пайдалануға беріледі», - деді Алтай Көлгінов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.

Әкімнің айтуынша, 2023 жылдан бастап аталған нысанның қуаты ұлғая түседі.

«Жаңа сорғы-сүзгі стансасы құрылыс алаңдарын ауызсумен қамтамасыз етіп қана қоймай, су беру қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, қазір тәулігіне 300 мың текше метр су тұтынатын болсақ, жаңа станса тәулігіне қосымша 100 мың текше метрден астам су өндіреді. Сондай-ақ, ССС-3-ке ұзындығы 18 шақырымды құрайтын су бұрғышын саламыз», – дейді ол.

Еске сала кетсек, елордада үшінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы басталатыны өткен жылы айтылған еді. Бұған дейін қала басшысы газбен жылыту қазандықтары іске қосылатынын мәлім етті.


Жоғары қарай