Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада полицияға пара бермек болғандарға қатысты 16 қылмыстық іс тіркелді

2021 жылдың 25 қараша 2021 19:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жыл басынан бері полиция қызметкеріне пара бермек болғандарға қатысты 16 қылмыстық іс тіркелді. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордалық полиция қызметкерлері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, сондай-ақ мұндай фактілерді анықтау және жолын кесуге бағытталған тұрақты түрде іс-шаралар өткізеді. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті пара берушілерге қатысты 16 қылмыстық істі тіркеп, сотқа жолдады. 2 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал толтырылды. Мәселен, қылмыстық тергеуді тоқтату үшін 100 мың теңге көлемінде пара бергені үшін елорданың 40 жастағы тұрғыны ұсталды», - деп атап өтеді департаменттен.

Сондай-ақ ведомство мәліметінше, Патрульдік полиция полкінің экипажы қала көшелерін шолғындау кезінде «Mazda 323» маркалы автокөлікті тоқтатады. Ал аталған көліктің жүргізушісі техникалық байқаудан өтпегені үшін әкімшілік хаттама толтыртпау мақсатында пара беруге тырысқан. Жол ережесін бұзған «Toyota» маркалы автокөліктің жүргізушісі де дәл осындай жолмен әкімшілік жауапкершіліктен жалтаруға әрекет жасаған. Бірақ, полиция қызметкерлері аталған фактілердің жолын кесіп, заңға қайшы әрекеттер қызметтік бейнетіркегішке жазып алған.

Осыған орай Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті пара бергені үшін айыппұл немесе 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Ал полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттерге тап болсаңыз немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз, онда «1402» бірыңғай сенім телефонына хабарласа аласыз.


Жоғары қарай