Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада полиция қызметкерлері соғыс ардагеріне ізет көрсетті

2021 жылдың 8 мамыр 2021 16:55

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ІІМ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков пен Нұр-Сұлтан қалалық ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Кішкентаев 94 жастағы екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Өтен Мұстафиннің үйіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар соғыс ардагерін Жеңіс мерекесімен құттықтап, майдан даласында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін алғыс білдіріп ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар Өтен Мұстафинге естелік медаль табыс етті.

«Біз сіздердің алдарыңызда мәңгілік қарыздармыз. Бейбіт өмір үшін қаһармандық танытып, жанқиярлық ерлік жасадыңыздар. Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз және мықты денсаулық, бақуаттылық пен бейбітшілік тілейміз», -деді Өмірзақ Болсамбеков.

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Өтен Мұстафин 1926 жылдың 15 тамызында Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Әскер қатарына 1944 жылдың 15 желтоқсанында алынып, 1945 жылдың наурызында ІІ Беларус майданына, Минск қаласын жаудан азат етуге, сәуірде 303 атқыштар полкінің құрамында Одер өзені үшін болған үлкен шайқасқа қатысқан. Елге келген соң ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасып, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққан. Майдандағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және 6 мерекелік медалімен, ішкі істер саласындағы үздік қызметі үшін 5 медальмен марапатталған.


Жоғары қарай