Ауа райы
Астана -1 °С
Алматы 2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада өтетін Ақмола облысының жәрмеңкесіне құс өнімдері жеткізілмейді

2020 жылдың 22 қыркүйек 2020 17:00

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Құс тұмауының таралуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесіне құс және құс өнімдері апарылмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жүнісовтің айтуынша, құс тұмауына байланысты қазіргі кезде Жарқайың ауданының Шойындыкөл аулына шектеу шаралары енгізілді. Тағы бірнеше ауданда үй құсының қырылғаны анықталды.

Осы орайда, ведомство 26, 27 қыркүйек күні астанада өтетін жәрмеңкеге құс еті мен жұмыртқа апаруға тыйым салды.

«Тағы бес аудан – Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Бұланды және Зеренді аудандарында біраз құстың өлуі тіркелді. Біз патологиялық материал алып, зертханаға жібердік. Оның қорытындысы 2-3 күн ішінде дайын болады. Тағы карантиндік бекеттер ашылуы мүмкін. Бұл, кіріп-шығуға, құс шаруашылығы өнімдерін ғана емес, өзге өнімдерді тасымалдауға толық тыйым салуды білдіреді», - деп түсіндірді Т. Жүнісов ҚазАқпарат тілшісіне.

Оның айтуынша, құс тұмауының вирусы Ақмола өңіріне және көрші Солтүстік Қазақстан облысына Ресейдің Омбы облысынан келді. Індетті таратушы – жабай су құстары. Олардың бойында ауру жеңіл өтіп, көбіне клиникалық белгілері білінбейді. Ал үй құстары тез қабылдайды. Құс тұмауы өңірде көктем және күзгі мерзімде байқалады.

Ақмола облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Базарбай Бұлашев мәлім еткендей, бүгінде 510 мың доза вакцинаға тапсырыс берілді.

«Олар ертең түсуі тиіс. Біз шекардағы Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында құстарға екпе саламыз», - дейді ол.

Елімізде құс тамуының таралуына байланысты Ақмола облысы аумағында кешенді шаралар қолға алынған болатын.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда құс тұмауы 5 өңір аумағында тіркеліп отыр.

Вице-министр Гүлмира Исаева құс тұмауының ел аумағында өршу себебін, шаруа иелеріне өтемақы төлеу шарттарын түсіндірді.

Сондай-ақ індеттің адамға қаупі бар-жоғын айтып берді.



Жоғары қарай