Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елордада нөсер суы ағатын жерасты желісіне кәріз суының құбырын қосқандар анықталды

2020 жылдың 15 тамыз 2020 10:05

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада нөсер суы ағатын жерасты желісіне кәріз суының құбырын қосқандар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдік таратқан мәліметке қарағанда, арнайы мамандар қаланың нөсер суы ағатын желіге өндірістік, тұрмыстық қалдықты төгу, кәріз құбырын қосып қоюды анықтап жатыр. Жеке үйлердің, кеңселердің және басқа ғимараттардың иелері көбіне кәріз суын, қоқысты нөсерлі су жүйесіне ағызып жібереді. Осылайша нөсер мен кәрізді тазарту қондырғысының жұмысын ауырлатады. Заңсыз қосылу Оңтүстік Шығыс, Агроқалашық, Көктал тұрғын алабы, Артем базарының аумағынан және басқа да жеке секторлардан анықталып жатыр.

Рейд барысында 40 заң бұзушылық дерек анықталды. «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы мен көше бойындағы нөсер кәрізі желісіне кәрізді төгудің 2 жағдайы тіркелді. Хусейн бен Талал көшесінде бірнеше рет осындай жағдай анықталған. Нәтижесінде заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 220 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Сарқын суды, тұрмыстық қалдықты, құрылыс қалдығын және басқа да қоспа суды рұқсатсыз ағызу сорғыларды бітеп тастайды. Нөсер суын тазарту қондырғыларының арнайы сүзгілері тек жаңбыр, қар суы және жер асты суына арналған. Олар тұрмыстық және кәріз суын соруға арналмаған. «Elorda Eco System» коммуналдық кәсіпорнымен бірлесіп рейд тұрақты жүргізіледі.





Жаңбыр кезінде қала көшелерін су басып қалмас үшін 3 ірі нөсер кәріздері мен тазарту қондырғысы салынып жатыр. Ірі жобалардың бірі – Жастар шағын ауданында тазарту қондырғысының құрылысы (Ж.Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы). Бұл Ж.Тәшенов, Бараев, Ш.Уәлиханов, Ш.Иманбаева көшелері мен Республика даңғылын су басудың алдын алады. Жоба 2021 жылы толығымен аяқталады.

Алдағы күзде Б.Момышұлы көшесінің проблемалық учаскеде басты нөсер кәріз коллекторының құрылысы аяқталып келеді (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін).

Осы жылдың соңына дейін Тельман тұрғын алабында тазарту қондырғылары мен басты коллектор салу бойынша жұмыс аяқталады. Кешенге тәулігіне 36 мың текше метрден асатын суды жинайды. Жобаны іске асыру Тельман тұрғын алабын, № 27 көше бойындағы перспективті даму аймағы және т.б. жер үстіне жиналған ағын суды жинауға мүмкіндік береді.

2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданындағы екі учаскеде нөсер кәрізін салу мәселесі шешілді.





Жоғары қарай