Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елордада Низами Гәнжауи, Әлішер Науаи, Юнус Эмре кітаптары таныстырылды

2021 жылдың 24 желтоқсан 2021 12:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтіп жатқан «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық конференцияда Низами Гәнжауи, Әлішер Науаи, Юнус Эмре кітаптары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мұхаммед-Әли Ахмедов, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Сәкен Сейфуллин Музейінің директоры Несіпбек Айтұлы, ақын, «Дарын» мемлеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, Баку Ұлттық университетінің профессоры, аудармашы Рамиз Аскеров, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйым басшылары, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара аясында Халықаралық түркі академиясы басып шығарған Низами Гәнжауи, Әлішер Науаи, Юнус Эмре кітаптарының таныстырылымы өтті.

Нақты айтсақ, Низами Гәнжауидың әйгілі «Жеті ару» және «Ләйлі-Мәжнүн» дастандары қазақ халқының Таир Жароков, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Дихан Әбілов, Тәкен Әлімқұлов қатарлы көрнекті ақындарының аудармалары арқылы толық нұсқада жарияланды. Бірегей басылымға танымал әзербайжандық суретші Фахраддин Али Вәлиоғлының арнайы салған туындылары енгізілді.

Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен көрнекті түрік ақыны Юнус Эмре жырлары ақын Светқали Нұржан аударған нұсқасында алғаш рет жеке жинақ ретінде басылып шықты.

«Бұған қоса, Түркі академиясы Әлішер Науаи жырларының әзербайжан тіліне аударылған толық жинағын әзірлеп шығарды. Туындыларды әзербайжан тіліне аударған — азербайжандық танымал ғалым, профессор, доктор Рамиз Әскеров.

Көпшілік назарына ұсынылған Әлішер Науаидің «Мұхакәматул-луғәтәйн» атты еңбегі де Академияның қолдауымен алғаш рет қазақ тіліне аударылып жарық көріп отыр», - деді Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Конференция аясында түркі дүниесінің мәдени-әдеби байланыстарын нығайтуға қосқан үлестері үшін бірқатар руханият өкілдері марапатталды. Түркі академиясы тағындаған «Әлішер Науаи» алтын медалімен танымал қаламгерлер Мұхаммед-Әли Ахмедов, Несіпбек Айтұлы, Рәмиз Аскеров, Светқали Нұржан марапатталса, танымал ғалым Төрәлі Қыдыр Түркі академиясының Күміс медалінің иегері атанды.


Жоғары қарай