Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 405.69
EUR 455.51
RUB 5.72
CNY 57.42

Елордада медицина бұйымдарының заңсыз саудасын анықтау мақсатында рейд жүргізілді

2020 жылдың 22 наурыз 2020 16:23

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада полицейлер волонтерлермен бірге рейд жүргізіп, медициналық заттардың заңсыз сатылу фактілерін анықтады. Құқық бұзушылардан 188 медициналық бетперде және 112 антисептик тәркіленді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордалық Полиция департаментінің қызметкерлері төтенше жағдай мен карантин талаптарының орындалуы бойынша шағын және орта бизнес қызметіне тексеру жүргізді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне 235 ерікті көмек көрсетеді, олар бақылау бекеттеріндегі, рейд кезіндегі жұмыстарға тартылған.

«Елордада карантин режимі жарияланғанда волонтерлер полицейлерге көмекке келді. Олардың әрқайсысы азаматтық ұстанымын көрсетіп, бізбен бірге жұмыс істеуді өзінің міндеті деп санайды. Біз олардың ұсыныстарын қуана қабылдадық. Біз бірлесіп, коронавирустың таралуына қарсы тұра аламыз. Болашақта еріктілермен бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдана аламыз деп үміттенеміз», - деді елорданың бас полицейі Ержан Сәденов.

Тексеріс барысында елдегі төтенше жағдайға қарамастан, қаладағы бірқатар ұйымдардың штаттық режимде жұмыс істегені белгілі болды. Мәселен, «Тұлпар» сауда орталығында автожуу, «Тапчан-7» дәмханасы, «Донер Микс» қоғамдық тамақтану орны, «Жігер» бильярд клубы және басқа да ұйымдар жұмыстарын жалғастыра берген. Режимді бұзған меншік иелері, шағын және орта бизнес субъектілеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Аталған заңбұзушылықтар туралы материалдарды елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бейнеконференция режимінде қарастырғанын атап өткен жөн.

Барлық мекеме иелеріне 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар рейд кезінде учаскелік полиция инспекторлары еріктілермен бірге медициналық маскалар мен антисептиктерді сатудың заңсыз жағдайларын анықтады. Құқықбұзушылардан 188 бетперде және 112 дана антисептиктер тәркіленді. Сатушыларға әкімшілік хаттама толтырылды.



Жоғары қарай