Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада қылмыстық істердің 70% астамы электронды форматта қаралып жатыр

2021 жылдың 14 қазан 2021 13:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында қылмыстық істердің 70 пайызы электронды форматта қаралуда. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасының басшысы Ғұмар Шыныбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға, сондай-ақ мемлекеттік органдар жұмысында цифрландыруды ілгерілету туралы тапсырмасына сәйкес, елорданың сот қызметі үш сатылы модельге көшті. Яғни полиция, прокуратура және сот қылмыстық процестерге қатысты процессуалдық шешімді өзара келісіп бекітеді. Жоба қолданысқа енгізілген сәттен бастап, азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын барынша азайту, прокурордың шешімін электронды түрде келісіп, бекіту арқылы қылмыстық процесте жағымды тенденциялар айқындалды. Және бұл жаңашылдық тергеу кезінде болуы мүмкін қателіктерді барынша азайтуға мүмкіндік береді», - деді Ғұмар Шыныбеков елорданың Полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, елордада қылмыстық іс жүргізуді толықтай электронды форматқа көшіру 2025 жылға жоспарланып отыр.

«Үш буынды сот жүйесіне көшпес бұрын бақылаушы органмен бірге ведомствоаралық семинар, дөңгелек үстел мен кездесулер ұйымдастырылды. Оның барысында сот саласына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды. Осылайша 2018 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында қылмыстық істерді электронды форматқа көшіру кезең-кезеңмен басталды. 2025 жылға қарай қылмыстық іс жүргізуді толықтай электронды форматқа көшіру көзделіп отыр. Бастапқыда электронды форматта жеңіл және орташа ауыр қылмыстық істер қаралса, кейін ауыр санаттағы қылмыстар да аталған форматқа ауыстырылды. Бүгінде жалпы қылмыстық істердің 70 пайыздан астамы электронды форматта қаралып жатыр», - дейді ол.

Сондай-ақ, басқарма басшысының мәліметінше, қылмыстық істі электронды түрде қарау процесі тиісті деңгейде материалдық-техникалық жабдықпен қамтылған.


Жоғары қарай