Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада күйші Орынбай Дүйсеннің «Ұлы көш» атты кеші өтті

2021 жылдың 29 қазан 2021 22:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ ұлттық өнер университетінде осы білім ордасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-домбырашы Орынбай Дүйсеннің «Ұлы көш» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жуырда жетпіс жастың биігіне шыққан өнер иесі көрермендерге күмбірлеген күйден шашу шашты.

Кеш шымылдығы Орынбай Дүйсеннің «Ұлы көш» атты музыкалық туындысымен ашылды. Нұр-Сұлтан қалалық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрі орындаған бұл шығарма ел ордасының Есіл бойына қоныс аударуына арналған. ҚР мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік жасады.




Сондай-ақ оркестр мерейтой иесінің «Қосбасар І-түрі», «Толғау», «Бапас», «Әнші дауысы», «Құлагер», «Алтын орда», «Балдырған» атты күйлерін көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар автордың «Арман-ай», «Саялы Алатау кешінде» әндері де шырқалды.

Орынбай Дүйсеннің өзі Абыл, Құрманғазы, Сүгір, Қазанғап, Дина, Дәулеткерей, Тәттімбет, Әбікен, Жантөре және басқа халық композиторларының күйлерін тартып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Осы кеште О.Дүйсенге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақ ұлттық өнер университетінің құттықтау хаттары табыс етілді. Күйшілер одағы «Халық күйшісі» атағын берді.

Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, «Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев сөз сөйлеп, Орынбай Дүйсеннің ұстаздық қызметі, ұлттық өнерді насихаттаудағы ерен еңбегі туралы тағылымды ойларын ортаға салды.




Ақын, композитор Сланқожа Қарақыстық мерейтой иесінің өмір жолы жөнінде мазмұнды баяндама жасады. «Орынбай Дүйсен – 80-нен аса жоғары білімді мамандар, аспирант, магистранттар дайындаған тәжірибелі ұстаз. Ол күйдің авторлық ерекшелігін сақтап, ескі күйлердің озық үлгілерінің түпнұсқасын бұзбай үйрету үрдісіне ерекше көңіл бөледі. Оның азаматтық ұстанымы: қазақтың күйшілік өнері – бір өңірдің жекеменшігі емес. Күй – қазақ халқының теңдесі жоқ ұлттық өнер қазынасы. Осы қағиданы шәкірттерінің санасына сіңіріп келеді», - деп атап өтті.




Тыңдарман қауымды керемет сезімге бөлеген музыка кеші Құрманғазының «Адай» күйімен аяқталды.

Орынбай Кәріғұлұлы Дүйсен 1951 жылы 6 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында дүниеге келді. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының 1982 жылғы түлегі. Осы өнер ордасында 1998 жылға дейін оқытушы болды. 1998 жылдан бері қарай елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқарып келеді.


Фотосуреттер – Әділхан САЙРАН


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Мәдениет, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай