Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елордада қаржы пирамидаларының қызметі көптеп таралуда

2021 жылдың 13 қазан 2021 16:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Интернет желісінде пирамида түрімен жұмыс істеп жүрген сайттардың «егіздері» көптеп таралуда. Алаяқтар бірнеше сайт құрып, оларды көбіне Advacash, Forex, Binance, MetaTrade және т.б сайттардың атымен ұсынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бастапқыда алаяқтар жаппай хат таратып, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде жарнамалық ұсыныстар жариялайды, түрлі абоненттік нөмірлерден телефон соғады.

Криптобиржаларда сауданы жүзеге асыру үшін платформаға ақша инвестициялауды ұсынады. Бұл жарнамаларда мәселен, 100 доллар салсаң, оны 10 есе көбейтуге болатыны айтылған. Одан кейін қаскүнемдер брокердің жалған сайты мен жеке кабинетін құрып, болашақ «құрбанына» қолжетімді етеді. Бұл ретте алаяқтар жеке кабинетте шоттың ақшаға қаншалықты толғанын пайдаланушымен бірдей көре алады.

Одан кейін пайдаланушы форекс-биржада ойынға кірісіп, ұта бастайды. Алайда іс жүзінде бұл «ойынды» қашықтан алаяқтар басқарады. Ойын қызығына кіріп кеткен пайдаланушы ақшаны одан да көп тігіп, оны ойын барысында ұтты деп санайды, іс жүзінде барлық қаражатты алаяқтар тартып алады. Пайдаланушы ұтысын жеке кабинеттен шығару шешімін қабылдағанда, брокер ойыннан шығу ұшін сақтандыру жарнасын, айыппұл санкияларын төлеу және ойдан шығарылған т.б шарттарды орындау қажет екенін айтады. Бұл процесс ұзақ уақытқа созылуы мүмкін, одан кейін брокерден байланыс үзіліп, сайт жабылып үлгереді.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Дмитрий Демидов алаяқтар әрекеттерінің қалай құрбаны болмау туралы баяндап берді: «Ең бастысы – қырағы болып, ғажайып болатынына сенбеу керек, ешқандай пирамидалардың жұмыс істемейтінін ұмытпаған жөн. Біріншіден, дилердің лицензиясының бар-жоғын тексеру қажет. Оны Интернеттен қарауға болады.

Екіншіден, төлем мәліметтерін толтыру және ақшалай қаражатты аударар алдында сайттың адресін мұқият тексерген абзал. Заңнамаға сәйкес, азаматтардың жеке мәліметтерін өндейтін кез келген ресурс еліміздің аумағында орналасуы тиіс. Егер хостинг шетел мемлекетінің аумағында орналасқан болса – қосымшаны жауып, бұл тараппен байланысты үзіңіз. Сондай-ақ, домен су жаңа болып, жеке тұлғаның атына тіркелсе, онымен байланысу қажет емес».


Жоғары қарай