Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елордада бір күнде 177 адам төтенше жағдай режимін бұзды

2022 жылдың 17 қаңтар 2022 12:01

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада бір күнде 177 адам төтенше жағдай режимін бұзды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы жағдай тұрақты. Түнгі сағат 23.00-ден бастап таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат жалғасуда. Қала периметрі бойынша 6 блокбекет тәулік бойы жұмыс істеуде. Бір тәуліктің ішінде қалада 9 қылмыс тіркелді. 74 жол-көлік оқиғасы орын алып, екі адам жарақат алды. 102 арнасына 1 732 астам қоңырау түскен. Олардың көбі - анықтамалық сипаттағы хабарламалар. Қала тұрғындарын ауа-райына байланысты тас жолдың жағдайы, блокбекеттердің жұмысы, сондай-ақ, құқық бұзушылық туралы мәселелер қызықтыруда», - деп атап өтеді комендатурадан.

Ведомство мәліметінше, елордада бір күнде 177 адам төтенше жағдай режимін бұзды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Процессуалдық шешімді сот қабылдайды.

Сонымен қатар тәулік ішінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 8 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды. Есіл ауданында 2 көңіл көтеру орны тарапынан коменданттық сағатты бұзу фактісі анықталды. «Maestro» караоке клубы мен «KINGDOM» рестобары комендант сағатын елемей, азаматтарды қабылдаған. Сонымен қатар, Кенесары көшесіндегі «Дыши» барында да 35 адам болған.

«Барлық тәртіп бұзушылар полицияға жеткізіліп, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мекемелердің лицензиясын кері қайтару мәселесі қаралуда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Елорданың комендатурасы коменданттық сағатты бұзбауды, азаматтардың тәртібі мен тыныштығын сақтауды ескертеді. Барлық жасалып жатқан іс-шаралар сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жасалып отыр», - делінген таратылған ақпаратта.


Жоғары қарай