Ауа райы
Астана 28 °С
Алматы 33 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Елордада Арыстағы жарылыста 1-топтағы мүгедекті құтқарған полицейлерге құрмет көрсетілді

2019 жылдың 13 желтоқсан 2019 17:39

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін көлік полицейлері Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара өткізді. «Жастар» театрының үлкен залында Көліктегі полиция департаментінің басшылығы, жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлері жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тәуелсіздік – мемлекеттің тұғыры, халық әл-ауқатының кепілі. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстан аз уақыт ішінде мықты мемлекетке айналды», - деді мерекелік шараны ашқан департамент басшысы Оңал Бекиев.

О.Бекиев 16 желтоқсан баршамыз үшін басты мереке екенін және шынында еркіндік пен тәуелсіздіктің символы екенін атап өтті. Бүгінгі күні бірлікті, қоғамдық келісімді нығайту үшін қызмет ету әр азаматтың міндеті, деп атап өтті полиция полковнигі.

Көліктегі полиция департаментінің басшысы жиналған азаматтардың барлығын атаулы күнмен құттықтап, зор денсаулық, отбасының амандығын және Отан үшін жасалған еңбегінің жемісті болуын тіледі.

Мерекелік шара барысында көлік полицейлері Арыс әскери бөлімінде болған жарылыс кезінде үйінде жалғыз қалып қойған 79 жастағы Пернебек Махамбетовті құтқарған Арыс стансасы желілік полиция бөлімшесінің үш полицейіне бейбіт күнде көрсеткен ерліктері үшін құрмет көрсетті.

1-топтағы мүгедек Пернебек Махамбетов үйде жалғыз қалып, жарылысты естімеген. Полиция подполковнигі Алтай Орманов, полиция майоры Марат Мақұлбеков және аға лейтенант Асқар Тұрарбеков бірлесіп үйлерді аралап жүрген кезде қарт зейнеткерді тауып алып, қауіпсіз жерге эвакуациялаған.

Парызына деген адалдығы мен кәсібиліктері үшін полицейлер «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Сонымен қатар, қызметтерін адал атқарғаны, жедел-қызметтік істері үшін және Тәуелсіздік күніне орай 50 полиция қызметкері марапатталды.




Мерекелік шара «Жастар» театры әртістерінің концертімен жалғасын тапты.

Естеріңізге сала кетейік, Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған ресми шаралар аталмыш департаменттің желілік полиция бөлімшелерінде де ұйымдастырылды.

Басты сөздер: Тәуелсіздік күні, ҚР ІІМ, Арыс,
Жоғары қарай