Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Елордада 13 баланы бауырына басқан әкенің жаңа кітабы жарық көрді

2020 жылдың 14 ақпан 2020 02:33

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 13 бала тәрбиелеп отырған ақмолалық Мұрат Қабылбаевтың жаңа кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада «Маған аспанды көрсетші» деп аталатын қазақ және орыс тілдерінде жазылған жаңа кітаптың тұсуы кесілді. Авторы - Мұрат Қабылбаев. Оның шығармасы бұған дейін де жарық көрген, бұл жолы толықтырылып, қайта жарияланып отыр. 1000 данамен шыққан кітап жетімдер үйінен бала асырап алған ата-аналарға тегін таратылады.

Мұрат жұбайы Орынбасармен бірге 13 жеткіншекті бауырына басқан. Өзінің айтуынша, ерлі-зайыптылар 9 жыл бала көрмеген. Сосын Ибрахим атты көптен күткен ұлы дүниеге келеді. Содан кейін анасының ақ батасын алып, бірден 4 баланы қамқорлыққа алады.

«Әрине, біз де басында 2-5 жас арасындағы, әлі оң-солын білмейтін бүлдіршінді алғымыз келген. Оларды тәрбиелеу оңай болады деп ойладық. Бірақ балалар үйіне барғанда ойымыз толық өзгерді. Ондай тәтті бөбекке бәрі қызығады, ал 8-15 жастағы жасөспірімдер назардан тыс қалады екен. Есейіп қалған жасөспірімді дұрыс жолға салу оңай емес, ол сенің дегеніңе көне салмайды, әр мәселеде өз пікірі бар. Біз тәуекелге бел будық. Мысалы, бірінші жолы үйге алып келген балалардың ішінде 12 жасар Адель атты қыз болды. Қазір оның жасы жиырмада, колледжде оқып жатыр. Одан бөлек, ағайындылардың біреуін ғана асырап алуға болмайды, сондықтан біраз баланы бауырымен қосып алдық. Осылайша үйіміздегі бұзықтардың саны өсе берді. Коляны балалар үйінде көргенде «үйге алып кетем» деп уәде бергенмін. Сөйтсем оның бөбектер үйінде қарындасы бар екен. Осыған бола уәдемді бұзбаймын ғой. Сол кішкентай қыз қазір тақылдап, өзімізге ақыл айтады», - дейді Мұрат Қабылбаев.

Автор сондай-ақ бала тәрбиесінде қандай қиындықтарға кез болғанын, жеткіншектердің өткен өмірі туралы не дейтінін, балалардың жаман әдеттерін қалай қойғызғанын айтып берді.

«Бала деген манипулятор ғой. Басында көбі мінез көрсетіп, аяушылық туғызу үшін, «маған басқаларға қарағанда ерекше көңіл бөлсе» деген оймен көп өтірік айтады. Балағат сөзді үйреншікті нәрсе көреді. Біз отбасылық кеңесте адалдық, адамгершілік туралы көп айтамыз. Одан бөлек, үйде бір жағдай болса, кінәлі баламен оңаша сөйлесемін. Оның ерсі қылығын басқаларға білдірмеймін де. Ар-ұятын оятып, ісінің ағат болғанын түсінсе деймін. Тіпті, тентек мінезін игере алмаған бір балам жылап-жылап, «қанша тырыссам да, қолымнан келмей жатыр» деп өзімнен көмек сұрады. Жалпы, отбасылық кеңес көп көмектесті. Апта сайын жиналып, проблемаларды талқылаймыз, әркім өз ойын айтады. Мәселені көп болып бірге шешуге тырысамыз. Осылай-осылай тез-ақ түзеліп кетті. Бәріне шыдам мен сабыр керек. Әрине, маған да басында қиналғанда баланы қайтару туралы ойлар келетін. Бірақ бала деген аманат қой. Уақыт өте келе оларды ештеңеге айырбастамайтынымды түсіндім», - дейді автор.





Кеште Мұраттың ұлы Төлеген монолог оқыды. Ол өзін туған бейтаныс әйелге ренжімейтінін, ең бастысы бақытты болса деп тілейтінін айтады. Өйткені Төлеген қазір ата-ана махаббатына бөленіп, бақытты күн кешіп жатыр, мүмкін бұған өзінен бас тартуға мәжбүр болған анасының дұғасы сеп болған шығар? Сондықтан ол ешкімге өкпелі емес.





Мұрат Қабылбаев алдағы уақытта меценаттар табылса, кітабының таралымын көбейтіп, еркін сатылымға шығаруды ойластырып отыр.







Автор Жанат Қапалбаева
Басты сөздер: Әдебиет, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай