Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елорда тұрғындары отандық QazVac вакцинасын белсенді  салдырып жатыр

2021 жылдың 27 сәуір 2021 18:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың медициналық мекемелерінің егу пунктерінде қала тұрғындары отандық QazVac вакцинасын белсенді түрде салдырып жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Мысалы «Абу-Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталығының вакцина егу пункті 3 бөлме және күту залынан тұрады. Екпені салдыруға келген адам ең алдымен дәрігер қарауынан өтеді.

Дәрігер пациенттің жағдайын тексеріп, денсаулығына қатысты бірнеше сұрақ қояды. Артынша тамағын, қан қысымы мен дене қызуын өлшейді. Пациенттің халі барлық параметрге сай келсе вакцина салатын бөлмеге кіреді.




QazVac брендімен шығарылатын QazCovid-In отандық вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіліміне енгізілген. Ол биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында жасалған. Вакцина коронавирус инфекциясына қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастырады. Оның қауіпсіздігі мен басқа вакциналарға қарағанда артықшылығы дәлелденді. QazVac вакцинасы ассоциацияланған ауруларды тудырмайды.







Екі компонентті QazVac вакцинасының тиімділігі клиникалық сынақтардан кейін 96%-ды көрсеткен.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, бүгінгі күні әрбір жиырмасыншы отандасымыз короновирусқа қарсы вакцина салдырған. Отандық вакцинаның артықшылықтарының бірі сақтау шарттары. Егер «Sputnik V» вакцинасы тоңазытқышта -18 градус температурада сақталса, QazVac вакцинасы 2-8 градус температурада сақталады.

«Мен арнайы осы қазақстандық вакцинаны күтіп, бүгін салдырдым. Менің ойымша, ғалымдар, биологиялық қауіпсіздік өкілдері QazVac вакцинасын өте жоғары деңгейде жасаған. Салдырған соң ешқандай кері әсерін байқамадым. Денсаулығым жақсы», — деді астаналық Арын Өрсариев.

Бүгінде елордада 100-ге жуық егу пункті жұмыс істейді. Елордалықтарды вакциналау үшін барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар, «Mega Silk Way», «Керуен», «Хан Шатыр» СОО-ларында егу пунктері ашылған. Қала тұрғындары қауіпті вирусқа қарсы вакцинацияны белсенді қабылдауда.

Айта кетейік, 27 сәуірдегі жағдай бойынша елордада коронавирусқа қарсы 95 мыңға жуық адам екпе салдырған. Оның ішінде қала тұрғындары мен қонақтары, мәдениет және өнер қайраткерлері де бар.





Жоғары қарай