Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елорда мектептерінде бір психологқа 850 оқушыдан келеді

2022 жылдың 12 мамыр 2022 18:27

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отбасындағы жанжал кәмелетке толмағандар арасында суицид әрекеттеріне себеп болып жатады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәмелетке толмағандар арасында өзіне қол салу әрекеттерінің басты себептері ретінде отбасындағы жанжал, жасөспірімдер мінезінің психологиялық ерекшеліктері, сондай-ақ олардың басқа да адамдармен кикілжіңі әсер етіп отыр. Сондықтан осы проблеманы шешу үшін кәсіби психологтардың жұмысы маңызды. Қазіргі кезде қала мектептерінде 209 психолог қызмет етіп жүр», - деді Р. Иманғазинова қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында.

Осы орайда ол бір психологқа 850 оқушыдан келетінін, бұл өз кезегінде балаларды толықтай қамтуда проблема болып тұрғанын атап өтті.

Басқарма өкілінің пайымынша, мессенджерлерде суицидті насихаттайтын каналдарды бұғаттау мен қауіпті сайттарды анықтау жұмыстарын күшейту керек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылдың 4 айында елордада кәмелетке толмағандар арасында суицид әрекеті бойынша 41 фактіні анықталды.

ДДСҰ статистикасына сәйкес, Қазақстан суицид саны бойынша 20-орында тұр, ал 10-19 жастағы жасөспірімдер арасында 10-орынға тұрақтаған.



Жоғары қарай