Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

Елорда әкімдігі азық-түлік пен өзге тауарлардың қалай жеткізілетінін түсіндірді

2020 жылдың 21 наурыз 2020 17:21

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы Инвестистициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев карантин кезінде елордаға азық-түлік пен өзге де тауарлардың қалай жеткізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қалаға тауар жеткізу бойынша бүгін түнде елордаға кіру және шығу шектеледі, блокпосттар қойылған. Көрші облыстардың жеткізушілері, мысалы, ет және құрылыс материалдарын жеткізушілер дұрыс ақпарат алмаған тәрізді. Азық-түлік тауарларын кіргізуге еш тыйым салынған жоқ. Барлық жеткізушілерді қауесеттерге сенбеуге, тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырамыз», - деді Е. Бекмырзаев қала әкімдігінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, азық-түлік өнімдері қала аумағына тәулік бойы кіргізіледі, ал өзге тауарлар сағат 22.00-ден таңғы 5-ке дейін өтеді.

«Бұл үшін азық-түлік, негізгі тауарлар және өзге де тауарларды алып өтетін жасыл дәліз құрылды. Сонымен бірге, азық-түлік өнімдерін немесе басқа өнімдерді жеңіл көлікпен әкелуге тыйым салынады. Сондықтан жүргізушілер мен экспедиторлар ең алдымен, бетперде, жеке куәлік, көлік құралының техникалық төлқұжаты, сондай-ақ тауарлардың ілеспе құжаттарын көрсетуі қажет. Жүргізушілер мен экспедиторлардың құжаттары мен денсаулық жағдайы бақылау-өткізу пункттерінде тексеріледі. Көлік белгіленген жерге жетеді де, жүк түсіріліп, көлік қайтарылады, маршруттан ауытқуға жол берілмейді. Барлық жүктемелер Интернетте онлайн режімде бақыланады», - деді Ерлан Бекмырзаев.

Бұған дейін басқарма басшысы бір айға жететін азық-түлік қоры бар екенін хабарлаған еді.

Сондай-ақ, карантин кезінде жұмысын тоқтатпаған мейрамханалар анықталып, жауапқа тартылды.



Жоғары қарай