Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде сотталған азаматтар қандай кәсіп түрлерімен айналысады

2020 жылдың 23 қараша 2020 13:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов сотталған азаматтар қандай кәсіп түрлерімен айналысатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотталған азаматтарды оқытумен қатар, біз еңбекке жарамдыларының жазасын өтеу барысында жұмыспен қамтылуына мүдделіміз. Жалпы бұл мәселелер «Еңбек» бағдарламасында қарастырылған. Әрине, біздің кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті айтарлықтай көп емес, алайда олар күрделі жағдайда кәсібін дөңгелетіп отырғанын атап өту керек. Нарықтық экономика жағдайында сотталғандардың бәрін де еңбекке тарту қиын, бірақ мәселе рет-ретімен шешіліп келеді. Қылмыстық атқару жүйесіндегі кәсіпорындардың өнеркәсіптік-шаруашылық әлеуетін арттыру, сол арқылы қосымша жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде», - деді Жанат Ешмағамбетов IX Азаматтық форум жұмысының тақырыптық сессиясында.

Қазіргі уақытта түрмеде жазасын өтеп жатқан азаматтар металл өңдеу, ағаш өңдеу, құрылыс материалдарын әзірлеу, тігін бұйымдары мен басқа да тауарларды өндіретін кәсіпорындарда еңбек етіп жүр.

Қосымша жұмыс орындарын ашу үшін бұл салаға шағын және орта бизнес те тартылып жатыр екен.

Мәселен кәсіпкерліктің 237 субъектісінің басқаруына өндірістік алаң берілген.

Осының арқасында бас бостандығынан айыру орындарында 3 мың жаңа жұмыс орны ашылған.

«Бүгінгі таңда қылмыстық атқару жүйесінде жұмысқа жарамды 14,2 мың азаматтың 11 мыңы (77 пайызы) айлығы төленетін жұмыспен қамтылған. Одан түскен сомаға сотталғандар бостандықта біреуге келтірген залалын, алиментін немесе айыппұлын өтейді. Кейбірі отбасына көмек көрсетеді. Әлбетте осы шаралардың бәрі де сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеуге септігін тигізеді», - деп атап өтті ол.


Жоғары қарай