Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елімізде пара беру туралы уәде-ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек

2022 жылдың 16 мамыр 2022 20:11

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесіп, 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясындағы жаңашылдықтармен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бапасөз қызметінің мәліметінше, ведомство басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында тұрғындармен кездесті. Оған мемлекеттік қызметшілер, жұртшылық, жастар, сондай-ақ комплаенс-офицерлер қатысты.

Бүгінде аудандарда әртүрлі квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 15 комплаенс-офицері қызмет етеді. Олар қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сондай-ақ корпоративтік әдеп кодексін сақтауын бақылауды қамтамасыз етіп, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөнінде шаралар қабылдайды.

Жиын барысында 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясындағы жаңашылдықтар туралы айтылды.

«Тұжырымдаманы Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы негізгі мәселелерді шешу үшін бекітті. Құжат аясында агенттік заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша және ӘҚБтК-не өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр. Аталған консультативтік құжаттар «Ашық НҚА» интернет-порталында талқылау үшін орналастырылған», - деді Нұрлан Жахин.

Заң жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесіне сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу, пара беру туралы уәде-ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін өту мерзімін ұлғайту және тағы басқалар жоспарланған.

Консультативтік құжаттар 3 маусымға дейін жария талқылауға ұсынылған, тұрғындар оған қатысып, өз ойларын білдіре алады.


Жоғары қарай