Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде құрылыс жобаларының құны онлайн калькулятор арқылы есептелінеді

2021 жылдың 3 тамыз 2021 14:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ендігі уақытта мемлекеттік тапсырыс аясында салынатын құрылыс жобаларының құны онлайн калькулятор арқылы алдын ала есептеліп, құны белгіленеді. Құрылыс саласындағы аталған жаңа қызмет туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрылыс саласындағы жұмыстың ашықтығын цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз. Осы орайда біз еліміздегі құрылыс саласын жобалаудан бастап, қолданысқа беруге дейінгі процесті толықтай автоматтандырумен айналысып жатырмыз. Мысалы, халық бізден сұрайды неге жобасы, құрылыс материалы бірдей нысандардың бағасы әр өңірде әртүрлі. Осы мәселені реттеу мақсатында, мемлекеттік сараптау аясында құрылыс саласында онлайн калькуляторды іске қостық. Ендігі уақытта тапсырыс беруші онлайн калькуляторға жаңа құрылыс нысанының барлық көрсеткіштерін енгізеді, ал калькулятор автоматты түрде жобаның құнын шығарып береді. Осылайша құрылыс жобасын әзірлеу кезінде бағаны өсіру немесе өзгерту мүмкін болмайды. Яғни жоба авторы құрылыс нысанын жоспарлау барысында артық қадамға бара алмайды», - деді Қ. Өскенбаев баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, онлайн калькулятор құрылыс объектісінің шекті құнын жылдам есептеуге мүмкіндік береді және ол мемлекеттік сараптама порталында тіркеліп, бекітілген.

Бұған дейін министр орынбасары отандық құрылыс саласындағы жаңа ақпараттық жүйе жұмысын таныстырды.

Одан бөлек, Қ. Өскенбаев салынып жатқан құрылыс нысандарының барысын бақылайтын ахуалдық орталықтың құрылғанын хабардар етті.

Жоғары қарай