Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде құрылыс материалдарын бірыңғай бағамен сату алаңы іске қосылады

2021 жылдың 3 тамыз 2021 17:51

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде құрылыс материалдарын сату мен сатып алуға арналған онлайн жүйе іске қосылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маркетплейс алаңы құрылыс материалдарының құнын 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, отандық өндірушілер мемлекеттің қолдауымен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға және құрылыс материалдарын белгіленген құны бойынша сатуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар жаңа жүйе құрылыс салушы компаниялар үшін де тиімді», - деді Қ. Өскенбаев баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған жүйе арқылы құрылыс материалдарын шығарушылар өз өнімдері туралы ақпартты емін-еркін жариялай алса, тиісінше құрылыс компаниялары тауарға делдалсыз тиімді бағамен қол жеткізе алады.

«Осылайша құрылыс компаниялары үшін отандық құрылыс материалдарын сатып алу тікелей қолжетімді. Қазіргі уақытта сайт тестілеуден өтіп жатыр. Бүгінде еліміз бойынша құрылыс материалдарын шығаратын 31 өнеркәсіп тіркеліп, олар 50-ден астам коммерциялық ұсыныс білдірді. Жыл соңына дейін құрылыс материалдарын әзірлейтін компаниялар өз өнімдерін онлайн ұсынатын сөре функциясы әзір болады. Құрылыс материалдарының бағасы Құрылыс ісі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы комитеті арқылы қадағаланады. Осылайша баға тұрақтылығын қамтуды көздеп отырмыз», - дейді ол.

Бұған дейін министр орынбасары елімізде құрылыс жобаларының құны онлайн калькулятор арқылы есептелінетіні туралы айтты.


Жоғары қарай