Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде 2 мыңға жуық мектепте спорт залы жоқ – Мектеп спорты федерациясы

2020 жылдың 14 қыркүйек 2020 18:32

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Мектеп спорты федерациясы» ЗТБ ресми өкілі Әлия Түсіпбекова балалар-жасөспірімдер спортын дамыту саласындағы басты проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандағы спорт үйірмелері оқушыларды әлемнің орташа көрсеткішімен салыстырғанда 4 есе аз қамтиды. Оның үстіне 1970 мектепте спорт залы жоқ. 1991 жылдан бері елде 9 мың спорттық құрылым мен білім ұйымының нысаны салынды. Ал 1998 жылдан бері олардың тағы 2 мыңнан астамы бой көтерді. Қазір оның 31 пайызы қанағаттанарлық жағдайда емес. Ауыл оқушыларының спорттық құрылым бойынша сұранысы 30 пайызға ғана қанағаттандырылды. Сол себепті балалар спортын дамытамыз десек, осы мәселелерге көбірек көңіл бөлуіміз керек», - деді Әлия Түсіпбекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге оның айтуынша спорттың нақты түрлері бойынша жаттығуларды ұйымдастыру үшін білікті кадрлар мен қажетті құралдар жетіспейді.

«Ауыл мектептерінде спорт добына дейін тапшы. Биыл Мектеп спорты федерациясы осындай 1000 мектепке баскетбол, волейбол және футбол доптарын таратты. Келесі жылы бұл жұмыс жалғасын табады. Мемлекет балалар мен жасөспірімдерге қайтарымсыз сипатта дене шынықтыру мен спортпен айналысу жұмысын ұйымдастыру қызметтерін толығымен ұсынып жатқан жоқ», - деді спикер.

Әлия Түсіпбекова Мектеп спорты федерациясы аймақтардағы білім ұйымдарына тиісті хат жолдағанын хабарлады.

«Өкінішке қарай, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы ғана бұл сұранысымызға оң жауабын берді. Ақтөбе облысы жаңашылдық керек емес деп хатты қараусыз қалдырды. Жамбыл облысы да сол. Балаларды спортқа тарту үшін конструктивті шешімдер керек. Бәрін басшылардан бастаған дұрыс. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр десек те, жеткілікті деңгейде деп айта алмаймыз», - деп түйді ол.


Жоғары қарай