Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елімізде 2,2 млн адамның онлайн жұмысқа көшуіне мүмкіндік бар

2021 жылдың 17 қыркүйек 2021 13:00

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда арнайы жұмыс орнына келіп еңбектенуді талап етпейтін салада жүрген 2,2 млн адам бар. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская осындай мәлімет ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның еңбек нарығы үшін пандемия өте күрделі болды. Бірақ локдаун кезінде жұмыссыздық кең ауқымда етек алған жоқ. Өйткені мерзімсіз демалысқа кетіп, жұмыс берушілерімен байланысын үзбегендердің саны көп болды. Осының арқасында шектеулер алынған кезде жұмысына қайтып жатты. Сарапшылардың айтуынша, шағын кәсіпкерлік нысандары жабылуға мәжбүр болған. Бірақ олар білім саласына көбірек маманданып, сондағы тендерлерге қатыса бастаған. Әлі де болса адамдар пандемияның салдарына бейімделу үстінде. Трендтерге келсек, көптеген кәсіпорындар жұмыс істеу форматын өзгертіп жатыр. Цифрландыру мен жұмысшыларын қайта оқыту белең алып тұр», - деді ол «Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа жағдайдағы даму» атты тұңғыш ұлттық баяндаманың таныстырылымында.

Маманның айтуынша, жүздеген, мыңдаған адамды жұмыспе қамтып отырған ірі компаниялардың қызметкерлерді қашықтан жұмысқа жіберуі туралы нақты бір болжам айту қиын.

«Әркім жеке шешім қабылдап жатыр. Ресми статистика бойынша, қашықтан жұмыспен қамтылғандардың саны әзірге аз ғана. Ерекше инфрақұрылымды қажет етпейтін, компьютер мен телефон арқылы істелетін жұмыстардың көбі онлайн режимге ығысуы мүмкін. Ал шаштараз сияқты адамның қолымен істелетін кәсіптерді онлайн режимге жіберу мүмкін емес. Экономистер мен заңгерлер, мемлекеттік басқару саласының мамандары мен сарапшылар қашықтан жұмысқа ауыса алады. Бүгінде олардың саны – 2,2 млн адам», - дейді Александра Молчановская.


Жоғары қарай