Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елеулі нәтиже болмаса да қаражаттың көбі футбол және хоккей клубтарына жұмсалуда - министр

2020 жылдың 19 қазан 2020 13:52

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова спорт клубтарының қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері енгізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәселен 2019-2020 жылдары еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттерден 252,6 млрд теңге бөлініп, елеулі нәтижелердің болмауына қарамастан қаражаттың көп бөлігі футбол және хоккей клубтарын ұстауға жұмсау жалғасуда. Осылайша, 2019 жылы жалпы 121,3 млрд теңге бөлініп, оның ішінде футболға 34,1 млрд теңге (28,1%), ал 2020 жылы 131,3 млрд теңге бөлініп, оның ішінде футболға – 37 млрд теңге (28,2%) жұмсалды. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі барлық республикалық ойын федерацияларымен (футбол, хоккей, гандбол, волейбол, баскетбол, регби, көгалдағы хоккей және т.б.) кеңес өткізді. Кеңес барысында жоғарыда аталған клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері талқыланды. Клубтар спортшыларды ұстауға өз бюджетінің 50%-на дейін қаражат жұмсайтындықтан Федерациядан спортшылардың жалақысын реттеу бойынша ұсыныстар келіп түсті», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша 5 қазаннан бастап Мәдениет және спорт министрлігі кәсіптік спорт клубтарын ұстауға бағытталатын қаржыны қайта қарау мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдармен тыңдау өткізілуде.

«Бүгінгі күні министрлік спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб жетекшілеріне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттеу бөлігі бойынша Мәжілісте қаралуда жатқан заң жобасына түзетулер әзірледі. Бұл мәселе ҚР Мәжілісінің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты. Балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау мақсатында барлық облыста, республикалық маңызы бар қалада және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді ол.


Жоғары қарай