Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Елена Рыбакина Рим турнирінің ширек финалына шыға алмады

2022 жылдың 12 мамыр 2022 18:29

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен шеберлік байқасты.

Осыдан бір апта бұрын Е.Рыбакина Мадрид жарысында швейцариялық спортшыдан 3:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалған еді.

Бұл жолы матч әлдеқайда тартысты өрбіді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:4).

Екіншісінде Тайхманн есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте Е.Рыбакина 4:2 есебімен алға кетті. Әйтсе де қарсыласы таразы басын теңестіре алды – 4:4. Елена тағы бір брейкке қол жеткізіп, матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін мүлт жіберді – 5:5. Есеп 5:6 болған мезетте медициналық көмекке де жүгінді. Содан кейін швейцариялық спортшы ойынды брейкпен бітірді – 7:5.

Аса тартысты өтіп, 3 сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 2 эйс жасап, 17 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Тайхманн 6 эйс, 9 брейкпен көзге түсті.

Тайхманн жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадоса немесе рейтингте 23-сатыдағы ресейлік Дарья Касаткинаның біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Римде әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасын ұтқанын, қазақстандық теннисшінің Шымкент турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.





Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Теннис,
Жоғары қарай