Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Электросамокаттар автожолдарда жүре ала ма – Министр жауабы

2021 жылдың 11 маусым 2021 14:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда автомобиль жолымен электросамокаттардың жүруіне тыйым салынады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта жылдамдығы сағатына 80 шақырымға жететін самокаттар бар. Бірақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес, олар жол қозғалысына қатысушы болып саналмайды. Яғни, жол қозғалысы туралы заңда мұндай көлік құралы жоқ», - деді Е. Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Министр электросамокаттардың автожолмен неге жүре алмайтынын түсіндірді.

«Біріншіден, бұл техникалық құрал сертификаттаудан өтпеген. Екіншіден, олар көлік құралы талаптарына сай келмейді. Яғни бұл – доңғалақтардың диаметрі, тежегіш жүйесі, габаритті шамдардың, артқы көрініс айналарының және қауіпсіздік жүйесінің болмауы. Қазіргі уақытта электросамокаттарға жолдар мен трассалар бойынша жүруге қатаң тыйым салынған және олар жол қозғалысы қатысушылары болмағандықтан, дереу тоқтатылады», - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, самокаттардың велосипед жолдары мен тротуарларда жүруі мәселесі қаралып жатыр.

«Бірқатар самокаттың жылдамдығы сағатына 20 шақырымнан асады. Кейбір елдерде шектеулер енгізілген. Мысалы, Ұлыбританияда жеке аумақтан басқа жерде самокат қолдануға тыйым салынады. Басқа да Еуропа елдерінде самокаттардың жылдамдығына байланысты шектеулер бар. Яғни, сағатына 20 шақырымға дейінгілері велосипед жолдарында жүре алады, ал егер жылдамдық режимі сағатына 12 шақырымнан аз болса, жаяу жүргіншілер жолында жүруге рұқсат. Біздің елімізде бұл мәселе әлі реттелмеген», - деп түсіндірді Ерлан Тұрғымбаев.


Автор Айжан Серікжанқызы
Басты сөздер: ҚР ІІМ, Қоғам,
Жоғары қарай