Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Елбасының жаңа музейінде қандай жәдігерлер бар

2021 жылдың 1 желтоқсан 2021 09:40

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл сайын елордада зәулім ғимараттар мен бірегей нысандар және түрлі музейлер бой көтеруде. Өткен жылы Есілдің сол жағалауында Тұңғыш Президент музейінің жаңа ғимараты ашылған болатын. Бүгінгі таңда музейді күніне мыңнан астам келуші тегін тамашалайды. Өскелең ұрпақ үшін бұл музей тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихымен танысып қана қоймай, өз дағдыларын жетілдіруге болатын сүйікті орынға айналды. ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, ҚазАқпарат тілшісі Елбасының жаңа музейі туралы деректерді ұсынады.

Ғимараттың жобасын түрік сәулетшілері жасаған. Оның жалпы ауданы – 40 мың шаршы метр. Дизайнерлер ақ мәрмар тас пен мөлдір әйнекке басымдық беріп, жаңа технологиялық шешімдерді біріктіреді. Үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында музей экспозициялары, екінші қабатта – іс-шара өткізетін көпфункционалды зал, ал үшінші қабатта – балаларды дамыту орталығы бар.

Жалпы Тұңғыш Президент музейінің тарихы 2004 жылдан бастау алады. Кітапхананың музейлік кеңістігі оң жағалауда орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті резиденциясының ғимаратында да бар. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997-2004 жылдары жұмыс істеген. Елорданың оң жағалауындағы музей қазір де өз жұмысын жалғастыруда.

«Бүкіл әлемдегі музей тәжірибесінде, үлкен музейлерде де бір ғимаратта орналаса алмайтын нәрселер бар. Әдетте, олар бірнеше ғимаратта, тіпті әртүрлі қалаларда орналасуы мүмкін. Мұнда филиалдар емес, музейдің негізгі коллекциялары туралы сөз қозғап отырмыз. ҚР Тұңғыш Президенті музейінде де дәл осындай жағдай болды – біздің Тәуелсіздігіміздің бай тарихын, Тұңғыш Президенттің өмірбаянын, сайып келгенде, қазіргі Қазақстанның жетістігін көрсету керек болды», - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева.

Жаңа музейде 140 мыңнан астам архивтік құжаттар мен 35 мыңға жуық кітап бар. Мұнда Н. Назарбаевтың балалық шағынан бастап, өмірінің әр кезеңіндегі маңызды деректер жиналған. Мемлекет басшыларына арналған музейлер Америка құрама шаттарында, Францияда, ал ТМД елдерінде Ресей мен Әзербайжанда бар. Белоруссияда Заманауи мемлекеттілік музейі болса, ал Назарбаев музейі – Орталық Азиядағы алғашқы нысан.

Әрине, жаңа заманауи музей Тәуелсіз Қазақстан тарихының сабақтастығын сақтап қалды және жаңа экспозициялармен толықтырылды. Жаңа ғимарат біз елестететін дәстүрлі музейлерге ұқсамайды. Тетікті бір рет басу арқылы экспозициялармен танысуға болады. Мұнда барлық қолжетімді ақпарат цифрландырылған және мультимедиялық экспозициялардың түрлі артефактілермен үйлесуін айрықша атап өткен жөн. Музей мамандары үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын меңгерген. Аудиогидтер де үш тілде жұмыс істейді. Ал халық көп жиналғанда радиогид қызметі де көрсетіледі. Планшет, ақпарат тақталары үш тілде жасалған.

«Жаңа музей ғимаратында алты залда тұрақты экспозициялар орнатылған. Ондағы айрықша жәдігерлері ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жеті атасы жазылған «Шежіре» композициясы, жоңғар ноянына қарсы жекпе-жекте жеңіске жеткен Бөлек батырдың дулығасы, Абылай хан семсерінің бір бөлігі, қытайлық жас мұғалім Чжоу Бай Сяоға жазған хаттары және жаңа мемлекеттің маңызды құжаттарын атауға болады.

Музей залдарында Тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметі арқылы Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты кезеңдері бейнеленген. Сондықтан экспозицияларға кіріспе «Елбасына апарар жол» бейнесаяхатынан басталады. Бұл видеода Мәңгілік Ел идеясының мән-маңызы түсіндіріледі. Видеодан кейін көрермендер «Мәңгілік ел» идеясындағы қоладан жасалған мүсіндік композицияларды тамашалай алады. Ортада Елбасы бейнесі, оның артында – Қазақстанның көпұлтты халқы бейнеленген барельеф тұр. Сол жақта – Отан қорғаушы батыр мен қазіргі әскери қызметші, ал оң жағында – ана мен әкенің мүсіні тұр.

«Тұлғаның қалыптасуы» атты бірінші залда қазақстандық суретшілердің Елбасының ата-анасы Әбіш пен Әлжан Назарбаевтар бейнеленген туындылары ұсынылды. Ал екінші зал «Президент жолы» деп аталады және мұнда жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру жолындағы маңызды оқиғалар көрініс тапқан. Мәселен, мемлекет дамуының іргетасы саналатын рәміздерге және Конституцияға арнайы орын бөлінген. Мұнда 1993 және 95 жылдардағы конституция нұсқаларын көруге болады. Одан бөлек, Қазақстанның Қарулы күштерінің тарихы, «Алтын адамның» реконструкциясы және төл валютамыз теңге туралы да қызықты экспозиция қойылған.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен еліміздің жаңа астанасының салыну тарихы – «Стратег жолы» залында баяндалады. Мұнда астананың бос жерде пайда болмағаны ортағасырлық Бозоқ қалашығынан бастау алатыны айтылады. Одан кейінгі Ақмола, Целиноград, Астана және Нұр-Сұлтан тынысы да тарих парақтарында сайрап тұр. Келесі «Жаһандық көшбасшы жолы» залында Елбасының шетел басшыларымен кездесулерінен сыр шертетін фотогалерея орналасқан. Жер шарының макетінде Н. Назарбаевтың ядролық қарусыздану мен ғаламдық қауіпсіздік мәселелері туралы сөйлеген сөздері ұсынылған.

«Дананың дара жолы» залында Елбасы жүзеге асырған басты саяси, экономикалық реформалар туралы баяндайды. Ұсынылған экспонаттар – «Қазақстан-2030» бағдарламасының негізгі стратегиялық бағыттарын көрсетеді. Бұл залда кітапхана қорынан ұсынылған Елбасының 30-дан астам шет тіліне аударылған еңбектері де бар. Бұл еңбектер отандастарымызбен қатар шетелдік оқырмандарды да қызықтырады. Елбасы кітапханасы қорында мемлекет басшылары, қоғамдық және саяси қайраткерлердің қолжазбалары бар кәдесыйлық кітаптар да ерекше орын алады. Сондай-ақ, «Қазақстан мақтанышы» залында келушілер спортшылардың даңқты сәттеріндегі, мемлекеттік әнұран шырқалып, көк байрағымыз желбірегендегі ерекше мақтаныш пен патриотизм сезіміне бөлене алады. Мұнда олар құрмет тұғырында шығып, естелік суретке түсіп, фотосуретті электрондық поштаға жіберуге болады.

«Нұр-Сұлтан қаласы қазіргі кезде бүкіл әлемге танымал болып келе жатқан Еуразияның жаңа орталығы деп айтуға болады. Тек қана саяси бастамалар емес, бұл енді ұлы даланың ерекше мәдениетін көрсететін, насихаттайтын орта болуы керек. Сондықтан біздің музейіміздің, кітапхананың творчестволық ұжымы сол жұмысқа белсене арасып, әрине күш-жігерін салып жатыр. Оның орналасқан орны өте ыңғайлы болып тұр. Өйткені жаңа орталығымызда бірнеше саябақтар ашылып жатыр. Сол саябақтың ортасында болғаны өте жақсы болды. Өйткені адамдар келген кезде кішкене тынығып, музейді қарап, арасында саябақта серуендейді. Және де қонақтардың қатарында республикамыздың әрбір өңірінен қонақтар келеді, және шетелден ресми делегациялар ғана емес, жеке жүрген туристер де бар», - деп атап өтті К. Ақтаева.

Жыл сайын 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні аталып өтеді. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында алғашқы президент сайлауы өтті. Бұл күні Елбасы музейі жасөспірімдерге арналған квесттер, онлайн, оффлайн экскурсиялар, музей сабақтары мен кинокөрсетілімдер өткізеді. Осылайша, заманауи технологиялармен жасақталған музей Тәуелсіз Қазақстан тарихын жаңа қырынан көрсету көзделген. Мереке күндері бұл музей барлық келушілерді асыға күтеді.



Жоғары қарай